Соңғы 10 жылда Қазақстанның ЖІӨ энергия сыйымдылығы 21,6 пайызға төмендеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылда Қазақстанның ЖІӨ энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 21,6 пайызға төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.

«Соңғы 10 жылда Қазақстанның ЖІӨ энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 21,6 пайызға төмендеді. Алдағы уақытта ЖІӨ- нің энергия сыйымдылығын 2025 жылға қарай 25 пайызға төмендету жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта энергия үнемдеу саясатын іске асыру – индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Себебі энергияны тиімді пайдалану оны үнемдеуге, коммуналдық қызметтердің төлемдерін қысқартуға, қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Осыған байланысты, біздің елімізде аталмыш бағытта үлкен жұмыс жүргізілуде», делінген хабарламада.

Қазақстанда 2015 жылы әзірленген «Бес институционалдық реформаларды іске асыру бойынша 100 қадам» Ұлт жоспарына сәйкес энергия тиімділігі картасы – энергия сервистік келісімшарттар тетігі арқылы іске асыруға дайын энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жобалардың бірыңғай республикалық тізбесі құрылды.

Өткен жылы энергия тиімділігі картасына жалпы сомасы 41,85 млрд теңгеге 49 жоба енгізілді. Энергия үнемдейтін материал, жабдық пен технологияларды жеткізушілер мен өндірушілердің тізілімі тағы 78 компаниямен толықты (тізілімдегі компанияның саны – 182). Энергия сервистік шарттар тетігі арқылы «Энергия тиімділігі картасы» шеңберінде іске асырылған жобалардың неғұрлым жарқын мысалы ретінде «Соколов-Сарыбай тау- кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ , «Богатырь Көмір» ЖШС және Ақсу ферроқорытпа зауыты жарықтандыру жүйесін жаңғырту жөніндегі жобаларды атауға болады.

Сонымен қатар, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен халықаралық ұйымдардың бірлескен жобалары аясында ауқымды жұмыстар атқарылды.

«Мысалы, бүгінгі күні DENA Неміс энергетикалық агенттігімен «Қазақстандағы энергия тиімділігі бастамасы« ақпараттық науқанын іске асыру бойынша ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Осы бағытта 2019 жылы Шахтинск қаласында энергия менеджментін енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Ол үшін әкімдік жанынан жобалау тобы құрылды, бюджеттік ұйымдардың энергия тұтынуының деректерін жинау жүргізіліп, қала ғимараттарында энергияны (жылу, электр) тұтынудың нормативтік көрсеткіштерінен ауытқу бойынша ақпарат дайындалды, қаржылық есептермен энергия тиімді іс-шаралар бойынша ұсыныстар әзірленді және әкімдікке берілді», делінген хабарламада.

Сондай - ақ, БҰҰ ДБ-мен бірлесіп 10 млн АҚШ доллары болатын 2 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар «Төмен көміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» және «Қазақстандағы тұрмыстық электр аспаптар мен жабдықтардың стандарттары, сертификациясы және энергия тиімділігін таңбалау» жобалары. Осы бағытта 2019 жылдың қыркүйегінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе қалаларында тұрмыстық техниканы кәдеге жарату мақсатында арнайы орындарға тапсырып, сертификат иелену акциясы өтті. Дүкен желісінде жаңа энерготиімді тоңазытқышты сатып алу кезінде сертификатпен азаматтар жеңілдік алды.

Ал, Еуропа Қайта Құру және даму банкі Павлодар, Семей және Өскемен қалаларының көше жарықтарын жаңғырту жобалары үшін 17,8 млн еуро сомасында қарыз берді . Азия Даму Банкі энергия аудитіне және энергия үнемдеу бойынша МЖӘ-нің 3 жобасы үшін құжаттар пакетін әзірлеуге 500 мың АҚШ доллары мөлшерінде грант қаражатын бөлді.

«ЖІӨ энергия сыйымдылығын одан әрі төмендетуді қамтамасыз ету мақсатында Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті кейбір заңнамалық актілерге энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын әзірледі.

Заң жобасы бюджет секторы үшін энергия тиімділігі бойынша талаптарды күшейтуге және жеке секторға жүктемені азайтуға, бизнесті ынталандыру үшін мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын енгізуге, сондай-ақ басқа да нормаларды енгізуге бағытталған. Бүгінгі таңда заң жобасы мемлекеттік органдармен келісу сатысында», делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар