Соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адам саны 22 пайызға өскен - БҰҰ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен нашақорлыққа қарсы күрес мәселелеріне арналған кеңес өтті. Оған мүдделі мемлекеттік орган өкілдері, журналистер мен үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК мәліметінше, Біріккен ұлттар ұйымы соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскенін айтып, дабыл қаққан.

Әлемде шамамен 275 миллион нашақор бар. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болып отыр.

Е. Тоғжанов 19 млн халқы бар Қазақстан үшін есірткіге тәуелділіктің тіпті елеусіз көрсеткіштерінің өзі ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қатерлі екенін атап өтіп, елде атқарылып жатқан іс-шаралар барысын баяндады.

11 мамырда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.

Аталған құжатта жасөспірімдер мен жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдардың рөлі күшейтілді.

Үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілердің аталған картаны жүзеге асыруға қатысуы қарастырылған.

Сонымен қатар есірткіге тәуелділердің профилактикасына, оларды емдеуге және оңалтуға ерекше көңіл бөлінген.

1987 жылы Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 26 маусым - Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні деп белгіленген.

Бүгіннен бастап елде жаһандық қатердің алдын алу айлығы басталды.

Е. Тоғжанов нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жүйесіндегі ең басты элемент профилактика екенін айтып, бір ай бойы - 26 маусымға дейін бүкіл ел бойынша әр жасөспірімге және олардың ата-анасына есірткінің зиянын түсіндіру жұмысын және кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізу үшін республикалық және жергілікті деңгейде барлық мемлекеттік органдарға тапсырма берді.

«Біздің алдымызда жастардың бойында салауатты өмір салты, отбасылық құндылықтар және табысты болашақ құру принциптерін қалыптастыру міндеті тұр. Бұл - үлкен жауапкершілік», - деді вице-премьер.

Кеңес соңында Е. Тоғжанов өскелең ұрпақтың болашағы үшін жұмыс істеуге ерікті түрде қатысып отырған белсенді азаматтық ұстанымы бар жастар ұйымдарының көшбасшыларына, блогерлерге, журналистерге алғыс айтып, адам тағдырын жамандықтан арашалап қалуға бағытталған қызметін ерекше атап өтті.


Соңғы жаңалықтар