Сондерс Головкинге соңғы мүмкіндік берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Британдық боксшы Билли Джо Сондерс (24-0, 12 КО) қазақстандық Геннадий Головкинді (37-0, 33 КО) өзімен жекпе-жек өткізуге келісімшарт жасасуға итермелеуді жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz  сайтына сілтеме жасап.

«Головкин, бұл сенің соңғы мүмкіндігің (қолында ақ парақ ұстап тұр)! Мен Фрэнс Уорренмен және сенің промоутерің Том Леффлермен сөйлестім: ол келісімшартты осы аптада жіберетінін айтты. Сондықтан, келісімшартқа қол қой! Саған бар керегі - бұл қалам. Егер оны таппай жүрген болсаң, ол менде бар (қаламын көрсетуде)! Сенің еліңде күш сынасайық!», - деді Сондерс.

Бұған дейін Сондерс Леффлермен алмасқан хаттарының үзінділерін жариялаған болатын. Онда Головкиннің промоутері британдық боскшыға келісімшартты осы аптада жіберетінін айтқан.Том Леффлердің өзі де  Boxingscene.com порталына аталмыш келіссөздерге қатысты сұхбат берген болатын. 

Айта кетейік, бұған дейін британдық боксшының командасы егер GGG-дің командасы жекпе-жекке осы аптада келіспесе, одан мүлдем бас тартатынын айтқан болатын. Ал Головкин командасының өкілі Жанар Өтешева елімізде өткізу жоспарланған бұл айқастың тағдыры және датасы әлі шешілмегенін, Қазақстан билігі ұйымдастырушылық мәселелерді бір жақты етуге асықпай отырғанын мәлім еткен еді. 

Головкин-Сондерс жекпе-жегі биылғы маусым айында Астана қаласында ЭКСПО көрмесі аясында өтетіні күтілуде.

 

 

Соңғы жаңалықтар