Сомдайтын рөліңді балаңдай жақсы көруің керек - актриса Сұлушаш Төлекова

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Халықаралық Шабыт фестивалінің лауреаты, сахна шебері Сұлушаш Төлекова саналы ғұмырын өнерге арнаған жанның бірі. Бүгінде Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрының беделді  актрисасы. Биыл сахнада өнер көрсетіп келе жатқанына 25 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сұлушаш Төлекова 1974 жылы 16 желтоқсан күні Абай ауданы, Саржал ауылындағы Төребай қыстағында дүниеге келген. Мектеп жасына дейін ауылда өседі. Ал оқу-білімді Семейдегі бұрынғы №1 мектеп-интернаты, қазіргі №15 орта мектепте алады.

Мектеп жасынан бойындағы талантын шындауға тырысқан болашақ актриса өз арманы жайлы ешкімге тіс жармаған. «Мұның да өз себебі болды. Егер арманымды айтсам, орындалмайды деп  қорықтым», - дейді актриса. Сөйтіп, мектепті тамамдағаннан кейін, арман қуып Алматыға барады. Бірақ театр институтына оқуға түсе алмай, Семейге қайтып келеді. Кейіннен Абай атындағы театрдың жанынан студия ашылып, сонда 2 жыл білім алады. Ал жоғары оқу орнын  сырттай бітіріп шығады. Өзің актриса ретінде ғана елестеткен Сұлушаш бала арманына осылай қол жеткізеді.  Биыл сахнаға қадам басқанынан да 25 жыл  болыпты.
null

«Ең алғаш үлкен сахнаға Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеуі» спектаклінде ерке қыз - Ботканың рөлін ойнап шықтым. Бұл менің дипломдық жұмысым болатын. Барлық сомдаған рөлдерімді жақсы көремін. Балаңды қалай жақсы көрсең, рөліңді де солай жақсы көруің керек. Әйтпесе, көрерменге жете қоюы екіталай. Тек бір әттеген-айым бар. Ақтотының рөлі бұйырмады», - дейді Сұлушаш Төлекова.
null

Сұлушаш театрға келісімен-ақ, мықты актриса бола алатындығын  көрсетті білген. Алғашқы сахналық еңбегін ертегі кейіпкерлерінен бастап, кейіннен үлкен бейнелерге жалғастырды. Бүгінде  Сұлушаш 70-ке тарта образдарды сомдаған.  «Қарагөздегі» - Қарагөз, «Айман-Шолпандағы» - Шолпан, «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» - Қарлығаш, «Домалақ анадағы» - Домалақ ана, «Күшік күйеудегі» - Ботка, «Махаббат мұңындағы» - Бағила, «Махаббат қызық, мол жылдардағы» - Меңтай, «Қош бол, Гүлсарыдағы» - Бүбіжан, «Ахметтің аманатындағы» - Бадрисафа тағы да басқа тұлғаларды шебер сомдаған сахна шебері.   
null  

«Соңғы үш жылда комедияларда ойнап жүрмін. Қандай рөл бұйырады, соны бар жүрегіммен сезініп, барынша шынайы ойнауға тырысамын. Ең бастысы көрерменнің көңілінен шығу. Театр маған бәрін берді. Мені Сұлушаш етіп осындай дәрежеге жеткізген де - театр. Өмірге де, өнерге де үйретті. Шама-шарқым келгенше театрдың шырағың сөндірмей, қазақ өнеріне әрі қарай үлесімді қоссам, арманым жоқ», - дейді актриса. 

Соңғы жаңалықтар