Солтүстікте оқығысы келетін түркістандық жастарға 6 мыңға жуық грант бөлінді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Үкімет жастар мәселесіне арнап «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» («Серпін») жобасын ұсынған болатын. Бағдарлама басталған 4 жылдан бері Түркістан облысы бойынша жоғары оқу орындарында - 6490, колледждерде - 1938 жас білім алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша бағдарлама аясында білім алып жатқан бүкіл жастың 50 пайызы - оңтүстік өңірге тиесілі. Бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мұхтар Сейтжапбаров мәлім етті. 

Өткен жылы «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» бағдарламасы аясында 4513 грант бөлінген болатын. Биыл Түркістан облысында мектепті 33 мыңнан астам оқушы бітіріп, олардың 22091-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Оның 19 мыңнан астамы шекті балды жинады.

«2018-2019 оқу жылында «Мәңгілік Ел жастары - индустрияға» жобасына 5829 мемлекеттік грант бөлініп отыр. Оның ішінде, жоғары оқу орындарына - 5089 грант бөлінсе, кәсіптік-техникалық колледждерге - 740 грант қарастырылған. Биыл талапкерлерден құжат қабылдау мерзімі ерте басталды. Яғни ағымдағы жылдың 18-26 шілде аралығында Қазақстан бойынша барлық жоғары оқу орындарында құжаттар қабылданады», - деді Мұхтар Сейдахметұлы.

Айта кетерлігі, «Мәңгілік Ел жастары - индустрияға» жобасына құжат өңір бойынша 3 нүктеде қабылданады. Олар: техникалық ғылымдар саласы бойынша - М.Әуезов атындағы ОҚМУ «А» ғимараты, педагогикалық мамандықтар бойынша - ОҚМПУ «Б» ғимараты және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті. Кәсіптік-техникалық колледждерде білім алуға ниетті талапкерлерден құжат қабылдау облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында ағымдағы жылдың 20 тамызына дейін жалғасады.

Фото: shymkenttv.kz

Соңғы жаңалықтар