Солтүстікқазақстандықтар Корея Республикасымен ынтымақтастықты реттеуді қолға алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Пэк Чухён Солтүстік Қазақстан облысына сапарлады. Аймақ басшысы Ерік Сұлтановпен өткен кездесуде тараптар өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Облыс басшысы қонақтарға Солтүстік Қазақстанның жетістіктері мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.

«Біз теміржол өнімдерін шығарудамыз, бізде мұнай, мұнай-газ, энергетика өнеркәсіптері жақсы дамып келеді. Бұл бағытта Корея Республикасының кәсіпкерлері өздерінің инновациялық технологияларын қолдану үшін көптеген мүмкіндіктер табуы мүмкін», - деп атап өтті Е.Сұлтанов.

Бүгінде солтүстікқазақстандықтардың Корея Республикасымен тауар айналымы үлкен емес. Бұл ретте оның көп бөлігін тілімше, ұштық, қайрақ, қағаз, қатырма қағаз, сондай-ақ есептеу машиналары мен контейнерлер сияқты өнімдердің импорты алып отыр. Екі тарап та ынтымақтастық бұдан да жемісті бола алады деп есептейді. Оған қоса, шекаралар да енді кедергі емес - 29 қарашадан бастап бұл елдер арасында визасыз тәртіп енгізіледі.

«Мұнда бизнесті нығайту және кеңейту үшін үлкен әлеует пен мүмкіндіктердің бар екенін сеземін. Тек экономика саласында емес, мәдениет саласында да. Туризмнің қарқынды даму үрдісі байқалуда. Қазақстандықтар Кореяға жиі барып жүр. Біз қазақстандық серіктестермен ынтымақтасуға дайынбыз», - деді Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Пэк Чухён.

Соңғы жаңалықтар