Солтүстікқазақстандық жастарға бірден қос диплом алуға мүмкіндік бар

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының студенттері екі жоғары оқу орны арасындағы келісімнен кейін бірден қос диплом алуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Ресейдің Саха Республикасынан келген меймандарды қабылдап, өзара келісімге отырды. Якут мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясы жергілікті жоғары оқу орнымен үш жылдан бері әріптестік орнатқан. Енді екі жаққа тиімді «қос диплом» бағдарламасын жүзеге асырмақ.

«Екі жоғары оқу орны арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге шығаруды мақсат еттік. Солтүстік Қазақстан – аграрлы өлке. Сол себепті мұнда ауыл шаруашылығына қажет жоғары білікті мамандарды әзірлеуге басымдық беріледі. Олар агроөнеркәсіптік кешендегі жаңа технологияларды меңгеріп шығады. Келісім аясында сіздермен тәжірибе алмасу мүмкіндігі арта түседі», - деді делегацияны бастап келген Якут мемлекеттік ауылшаруашылығы академиясының ректоры Иван Слепцов.


Якут мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясы – Ресейдің Солтүстік-Шығыс аумағындағы бес өңірді қамтитын негізгі жоғары оқу орындарының бірі. Саха Республикасы 200 мыңнан астам жылқы және осындай көлемде бұғы өсірумен айналысады. Мал шаруашылығына қатысты ғылыми база жақсы дамыған. Оқу орны биыл солтүстікқазақстандық 5 абитуриентке ветеринар мамандығы бойынша бюджеттік орын ұсынбақ.

Қазіргі уақытта академиялық ұтқырлық бойынша Якутияда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің екі студенті білім алып жатыр. Оларға ай сайын 5 мың рубль стипендия да төленеді. Ресейлік жастар Петропавлда білім алады. Екі жақтың оқытушылары да алма-кезек шетелге шығып дәріс оқып, тәжірибе алмасып тұрады.


Енді СҚМУ студенттеріне қос диплом алып шығуға мүмкіндік бар. Жаңа бағдарлама бойынша магистранттар да оқи алады. Терең білім алып, қазақстандық және ресейлік компанияларда тәжірибе жинақтайды. Нәтижесінде ҚР және РФ жоғары білім туралы мемлекеттік дипломын алып шығады.


Соңғы жаңалықтар