Солтүстікқазақстандық шебер кітап тігуді кәсіпке айналдырды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғыны Евгения Маринич жұмсақ киіз бен түрлі матадан балаларға арналған кітаптар тігеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Евгения Мариничтің алған білімі туризм саласымен байланысты. Жоғары оқу орнын бітірген бойжеткен тұрмысқа шығып, сәбилі болған соң, мамандығы бойынша жұмыс істемепті. Екі баламен декреттік демалыста отырғанына биыл бесінші жыл.

"Кішкентайым туғасын іс тігетін машина сатып алдым. Үйде анам да, екі әпкем де ісмер. Мен де басқа қолөнершілер сияқты ең алдымен қыздарыма түрлі ойыншықтар тігуден бастадым. Кішкентай қызымның тілі кеш шықты. Баламды дамыту үшін арнайы кітап тігіп бердім. Қолынан тастамай ойнайды", - дейді Евгения.

Шебердің айтуынша, мұндай кітаптармен бала ойнап қана қоймай, ұсақ моториканы дамытады, ойлау, қиялдауға, ыждаһаттылықпен істеуге үйренеді. Өйткені бір кітапта ғана ең кемінде 100-ден астам ұсақ бөлшегі бар.
null

"Кітап алты беттен тұрады. Ол - қуыршақтың үйі деп айтуға болады. Бірінші беті, мысалы асхана, сондай ақ жуыну, ұйықтайтын бөлме, киім-кешек тұратын бөлмелер бар. Әр бөлменің өз заттары бар. Ойнап отырған бала қуыршақты киіндіреді, тамақтандырады, ұйықтатады", - дейді шебер.

Евгения Мариничтің айтуынша, елімізде кәсіптің бұл түрі әзірше дамымаған. Санаулы адам ғана айналысады. Оның бір себебі - ұсақ-түйек жұмысының көптігінде. Сондай-ақ, керекті материалдар қымбат. Салдарынан бір дайын бұйымның құны орта есеппен 8-9 мың теңгеге дейін шығады екен.

Декреттік демалыста отырған келіншек енді өз кәсібін ашып, үйде отырып жұмыс істемек. Ойлана келе сүйікті ісін дамытпақ болып шешіпті. "Бастау" мемлекеттік бағдарламасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген ол, жақында 100 АЕК мөлшерінде грант алмақшы.

null

Соңғы жаңалықтар