Солтүстікқазақстандық шаруалар 1 миллион тоннаға жуық майлы дақыл жинады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында майлы дақылдарды жинау науқаны аяқталуға жақын. Өңірдегі 13 ауданның 5-еуі ауа райының қолайсыздығына байланысты күнбағысты толық жинай алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің отырысында майлы дақылдарды жинау науқанының қорытындылары шығарылды. Солтүстік өңір егістік алқаптарын әртараптандыруда көш бастап келеді. Биыл диқандар 1 млн жуық гектарға майлы дақылдар екті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға артық.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, былтыр өңір диқандары күзгі науқанда 715 мың тонна майлы дақыл жинаса, биыл 932 мың тоннасын қамбаға құйды. Гектар берекелігі 10 центнерге дейін жетіп отыр. 5 ауданның 20 шақты шаруашылығы  ауа райының қолайсыздығына байланысты шамамен 40 мың гектардай күнбағыс алқаптарын жинай алмай отыр.

Рапс, зығыр және күнбағыс өсіру - жоғары табысты бизнес. Сұраныс жоғары, бағасы да бидайға қарағанда екі есе қымбат. Сондай-ақ,  биыл майлы дақылдардың бағасы өсті. Рапстың тоннасы былтыр 127 мың теңге болса, биыл 133 мың теңгеге жетті. Бір тонна зығыр үшін 105 мың теңге сұрайды, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 15 мың теңгеге қымбат. Күнбағыстың бағасы 110 мыңнан 115 мың теңгеге дейін жетті. Бұл ішкі нарықтағы құны, экспорттық баға одан да жоғары.

«Егістік алқаптарын әртараптандыру бағыты дұрыс. Биыл майлы дақылдар алқаптарын 976 мың гектарға дейін жеткіздік. Жақсы өнім жинадық. Майлы дақылдардың бағасы өсті. Тиісінше, түсім мен еңбек өнімділігі артады. Майлы дақылдар бидайға қарағанда 2,5 есеге қымбат», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы аудан әкімдеріне шаруашылықтардың майлы дақылдарды жинау науқанын жуық арада аяқтауларын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

 

 

Соңғы жаңалықтар