Солтүстікқазақстандық өнім халықаралық «WorldFood Moscow» көрмесінде жоғары бағаға ие болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ет өнімдерін шығаратын кәсіпорын Мәскеуден, 65 ел қатысқан көрме-байқаудан үш алтын медаль әкелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Казмясопродукт» кәсіпорнының өңірде жұмыс істеп жатқанына 14 жыл. 130-дан астам түрлі ет өнімдерін шығарады. Олардың шұжықтарын жергілікті сауда орындарымен қатар еліміздің қалалары, Ресейдің бірнеше облысы саудалайды.

Солтүстікқазақстандық кәсіпорын сауда көкжиегін кеңейту мақсатында Мәскеуде өткен 28-халықаралық «WorldFood Moscow» азық-түлік көрмесіне қатысты.

«Бізге көрмеге қатысуға ұсыныс түсті. Талаптарымен таныса келе дәм татыру бөлімін таңдадық. «Ет өнімдері және консервілер» бөлімінде бізге әлемнің 35 компаниясы бәсеке болды. Біз үш номинацияға ұсыныс бердік. Бірінші күні өніміміз зертханада сынақтан өтті. Кейін арнайы комиссия сарапшылары дәмін көрді», - дейді кәсіпорынның бас технологы Юлия Гончарова.

Көрмеге әлемнің 65 елі 584 түрлі өнімін қойды. Жоғары бәсекеге қарамастан Солтүстік Қазақстаннан апарған үш өнім де байқаудың қорытындысы бойынша алтын медальға ие болды.

«Жоғары бағаланатынына сендік, бірақ үш бірдей алтын аламыз деп ойлағанымыз жоқ. Біздің барлық өнімдеріміз талапқа сай әзірленеді. Арнайы дәмдеуіштерді көп қосып, алмастыратын болсақ тексерістен өтпес еді. Бірақ біз байқауға деп шұжықтарды арнайы әзірлегеніміз жоқ, бәрін сөреден алдық», - дейді ЖШС директоры Серік Ілиясов.

Кәсіпорын бір айда 100 тонна өнім шығарып, ол Петропавлдағы фирмалық 9 дүкенде және сауда орындарында сатылады. Нұр-Сұлтан қаласында ЖШС-нің арнайы дүкені бар. Ресейде де өнімге сұраныс жоғары. Барнауылдың кәсіпкерлері қазақстандық шұжықты келіп әкетеді екен. Халықаралық көрмеден кейін кәсіпорынның тұтынушылары көбеймек.

«Ресейдің Екатеринбург, Санкт-Петербор және Мәскеу қалаларының өкілдерімен қазір келіссөздер жүріп жатыр. Біздің өнім ұнап, енді әріптес болмақ. Қазір біздің маманымыз Мәскеу қаласында алдын-ала келісімге қол қойып жатыр», - дейді Серік Ілиясов.

Солтүстікқазақстандық кәсіпорын алдағы аптада Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қатыспақ.

Соңғы жаңалықтар