Солтүстікқазақстандық коллекционер 170 музыкалық аспап жинаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық коллекционер Юрий Бакай музыкалық аспаптарды жинаумен айналысады. Қазір оның топтамасында 170 музыкалық аспап болса, соның 100-і - сырнай, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір көргеннен ғашық болу» деп түсіндіреді өзінің сырнайға деген қызығушылығын Юрий Бакай. Ең алғаш ол бұл аспапты қолына сегіз жасында алған екен. Әке-шешесі кішкентай Юраның музыкаға деген әуестігін байқап, «Маричка» атты сырнай сатып әпереді. Содан бері бұл аспап оның өмірлік досына, сырласы ғана емес, сырнайда ойнау отбасын асырар кәсібіне айналған.

«Сырнайда ойнауды өзім үйрендім. Екі жылдан кейін сахнаға шығып, «Крейсер Аврора» шығармасын ойнағаным есімде. Бір байқағаным, әр сырнайдың өз сазы бар, дыбысталуы бір-біріне ұқсамайды.

Аққайың ауданы Полтавка ауылының тұрғыны Юрий Бакайдың қазіргі музыкалық аспаптар коллекциясы бір музейге жетерлік. Топтамада сырнайдың 50-ден астам түрі, 30-дан астам баян, онға жақын аккордеон бар. Бұдан басқа домбыралар, гитаралар, маракастар, скрипкалар, дабыл, дағыра, кастаньет сияқты басқа да көптеген түрі жетерлік. Олардың барлығы да ойнауға жарамды.

«Музыкалық аспаптарды көбіне сатып аламын. Қазір де интернетте менің хабарландыруым жүр. Кейбірін, менің қызығушылығымды білетіндер, сыйға тартады. Сынғандарды көбіне өзім жөндеймін», - дейді Юрий Бакай.

Сырнайларының ішіндегі ең көнесі - 1907 жылғы аспап. Оны коллекционер Челябі қаласына арнайы апарып, шеберлерге жөндетіпті. Ал, Юрий үшін ең қымбаттысы - соғыста болған сырнай. Оны кезінде майдангер ағасы Илья Васильевич Подлодко сыйға тартыпты. Көзінің қарашығындай сақтап жүрген көне аспапты қалпына келтірмей, сол күйінде қалдырған екен.

53 жастағы Юрий Бакай қазір жергілікті мәдениет үйінде аккомпаниатор болып жұмыс істейді. «Хуторок» балалар ансамблінің жетекшісі. Ұлттық аспаптарды насихаттап жүрген олардың жақында еңбегі еленіп, үлгілі балалар ұжымы атанды.

Юрийдің ендігі арманы - туған ауылында музыкалық аспаптар музейін ашу. Ол үшін арнайы ғимарат та сатып алыпты. Қаражат табылып жатса, оны - үйді жөндеп, жарақтандыруға жұмсамақ.

null

Соңғы жаңалықтар