Солтүстікқазақстандық екі кәсіпкер «Жомарт жүрек» сыйлығын алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандықтар «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл меценаты» және «Жыл тұлғасы» номинацияларын жеңіп алды. Байқаудың лауреаттары Астана қаласында салтанатты рәсімде марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жомарт жүрек» сыйлығы - Қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырып отырған бірегей жобасы. Сыйлық туған өлкенің дамуына елеулі үлес қосқан меценаттарға, белсенді тұлғаларға, бизнес-құрылым өкілдеріне, еріктілер мен түрлі ұйымдарға табысталады.  Жеңімпаздар «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы»,  «Үздік ұйым», «Ерен еріктілік», «Туған өлке» аталымдары бойынша марапатталды.

М.Жұмабаев ауданындағы «Ноғайбай» ЖШС-нің директоры Алтынбек Сапаров «Жыл меценаты» деп танылды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын серіктестік 1995 жылы құрылған болатын. Кәсіпкер өз шаруашылығын ғана «дөңгелетіп» қоймай, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын да назардан тыс қалдырмайды. Ауылда таза су әр үйге кірген, көшелер асфальтталған. Сондай-ақ түнгі уақытта елдімекен самаладай жарқырап тұрады.

2016 жылы ауылда 200 орындық акт залы, кітапханасы бар демалыс орталығы ашылды. Спорт алаңдары жұмыс істеп тұр. 2017 жылы серіктестік жаңадан 5 тұрғын үйді пайдалануға берсе, биыл 28 млн теңгеге тағы 4 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жақында жаңадан салынған фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілмек.

Ал Аққайың ауданындағы «Дайындық -Агро» ЖШС-нің директоры Біржан Шаймерденов «Жыл тұлғасы» атанды. Ол басқарып отырған шаруашылық өңірдегі үздік серіктестіктердің бірі. Егіншілікпен қатар мал шаруашылығын да дамытып отыр. Көпсалалы өндірістің нәтижесінде тұрғындар жыл он екі ай жұмыспен қамтылған. Біржан Әбділманұлы ауылының әлеуметтік саласын дамытуды да ұмытпайды. Серіктестік есебінен тұрғын үйлер салынып жатыр, ал баспаналар орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған.

Биыл еліміздің 735 меценаты 35 млрд теңгенің көмегін көрсеткен. Бұл қаражатқа медициналық, білім мекемелері, спорттық орталықтар салынып, жөнделді. Әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылған. 

Соңғы жаңалықтар