Солтүстік және шығыс өңірлерге газ тарту жобасы пысықталып жатыр - QazaqGaz

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жақын арада қолда бар тауарлық газ ресурстары арқылы солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру мүмкін емес. Бұл туралы «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының маркетинг жөніндегі орынбасары Арман Қасенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сондықтан, солтүстіктегі көршімізбен ынтымақтастық қарастырылып, тиісті ұсыныс айтылды. Жоба аясында тиісті желі Қазақстанның шығыс және солтүстік өңірлерін газдандыру мүмкіндігімен транзиттік газ құбыры түрінде тартылуы керек», - деді А. Қасенов елордада өткен қоғамдық кеңес жиынынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда, оған Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда ШҚО аумағындағы газ бағасының айырмашылығына қатысты сұрақ қойылды.

«Айырмашылық болатыны анық. Сондықтан, еліміздің шығыс өңірі жайында айтсақ, бұл – Шығыс Қазақстан облысы арқылы Қытайға Ресейдің газын жеткізудің ең жақын жолы. Бұл тұрғыда транзит, газдандыру сияқты екі жаққа да тиімді мәселелерді ескеру қажет», - деді А. Қасенов.

Бұл ретте ол қазіргі кезде компания осы мәселе бойынша «Газпроммен» келіссөз жүргізіп жатқанын жеткізді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздің шығыс өңірі Ресейден құбыр тарту арқылы газдандырылуы мүмкін екенін айтты.

Осы орайда, QazaqGaz «Газпроммен» бірлесіп, «Ресей Федерациясы - Қазақстан Республикасы - Қытай Халық Республикасы» халықаралық газ құбырын салу мәселелерін зерделеу үшін алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу мәселесін пысықтап жатыр.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздің солтүстігі мен шығысын газдандыру бойынша түпкілікті шешім 1 мамырға дейін қабылдануы тиістігін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар