«Солтүстік–Оңтүстік» дәлізі маршрутында Бірыңғай логистикалық оператор құрылады - ҚТЖ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «TransRussia 2023» көлік-логистикалық қызметтердің 27-ші халықаралық көрмесі аясында «KTZ Express» АҚ, «РЖД Логистика» АҚ және «Түрікменстанның көлік-логистикалық орталығы» ААҚ арасында тасымалдауды дамыту үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Бірлескен кәсіпорын мақсаты «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс бағытында Бірыңғай логистикалық оператор құру болады.

Меморандумға «KTZ Express» АҚ Бас директоры Қайрат Утяпов, «РЖД Логистика» АҚ Бас директоры Дмитрий Мурев және «Түрікменстанның көлік-логистикалық орталығы» ААҚ бас директоры Мердан Бяшимов қол қойды.

Тараптар бәсекеге қабілетті тарифтік ставкаларды қалыптастыру және Ақсарай, Озинки, Болашақ, Инче-Бурун, Серахс шекаралық өткелдерінің қатысуымен Қазақстаннан, Ресейден, Түрікменстаннан Иранға, Үндістанға, Таяу Шығыс елдеріне және Азия-Тынық мұхиты өңіріне жүктерді «үзіліссіз» тасымалдау үшін өз құзыреттерін біріктіруге келісті.

Қазақстан үшін «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі Иран мен Үндістанмен көлік-экономикалық байланыстарды дамытудағы басты өсім нүктелерінің бірі болып табылады. Қазақстандық жүк жөнелтушілер атап өткендей, осы құрлық дәлізінің Қазақстан аумағы арқылы айқын артықшылығы жүктерді жеткізудің жоғары жылдамдығы және тасымалдауда барлық ауа райының қолайлылығы болып табылады.


Соңғы жаңалықтар