Солтүстік өңірлерде үзілген электр желілерін қалпына келтіруге 17 бригада жұмылдырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік өңірлерде үзілген электр желілерін қалпына келтіруге 17 бригада жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«KEGOC» АҚ мәліметінше, кеше қатты дауыл салдарынан кернеуі 500 кВ-тық 6 электр тарату, кернеуі 220 кВ-тық 2 электр тарту желісі өшірілген. Сол себепті Қостанай облысы тұтынушыларының басым бөлігі, оның ішінде Қостанай, Рудный және Лисаков қалаларының тұрғындары жарықсыз қалған. Қар аралас жаңбыр жауып тұрғандықтан арнайы көлікпен үзілген электр желілерін қарап шығу қиындық тудыруда. Дегенмен, қазіргі мәліметке сәйкес, компанияға тиесілі жоғары вольтты желіде 42 бағанның құлап, бірнеше жерде сымның үзілгені белгілі.

«Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ күшімен ажырап қалған 500 кВ-тық 6 электр тарату желісінің екеуі, кернеуі 220 кВ-тық 8 желінің 6-ауы жөнделді. Сонымен қатар 220 кВ-тық Сокол-Заречная-Орталық-Қостанай желісі қалпына келтірілді. Соның арқасында «KEGOC» АҚ желілері бойынша электр энергиясын берудегі шектеулер алынып, Қостанай қаласын электрмен жабдықтау толықтай қалпына келді. Апат салдарын жою үшін қажетті барлық күш пен құрал жұмылдырылды. Атап айтқанда, 17 апаттан кейін қалпына келтіру бригадасы, оның ішінде Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының филиалдары жұмысқа кіріседі. «KEGOC» АҚ орын алып отырған жағдайда өңірдің апаттан зардап шеккен сенімді энергиямен жабдықтау желісін тез арада қалпына келтіру үшін барлық мүмкіншілігін жасайды», - деді арқасында «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.

Еске сала кетсек, Қостанай облысының жүздеген елді мекені электр қуатынсыз қалғанын хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ Ақмола облысында 189 елді мекенде электрмен жабдықтау желісіне зақым келді.

Соңғы жаңалықтар