Солтүстік Корея спортшысы ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының алғашқы алтынын еншіледі - Алматы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өтіп жатқан ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында алғашқы алтынды Солтүстік Кореядан келген спортшы Ом Юн Чхоль иеленді.

Ол 56 келіге дейінгі салмақта серпе көтеруде 168, жұлқа көтеруде 128 келіні бағындырып, жалпы есепте 296 ұпаймен үздік атанды. Одан кейінгі орынға серпе көтеруде 161 келіні, жұлқа көтеруде 135 келіні бағындырған вьетнамдық Ким Туан Тхач тұрақтады. Айта кету керек, вьетнамдық спортшы жалпы есепте 296 келіні бағындырып, ӘЧ-да жастар арасындағы Инчхонда өзі орнатқан рекордын жаңартты. Солтүстік Кореялық және вьетнамдық спортшының арасындағы салмақ айырмашылығы шешуші рөл атқарды. Жеңіс Ким Туан Тхачтан 40 грамм жеңіл болып шыққан Ом Юн Чхольге берілді. 2012 жылғы Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері Ом Юн Чхоль адамзат тарихындағы өз салмағынан 3 есе артық салмақты көтерген атақты 5 спортшының бірі екендігін атап өту керек. Қола медальді қытайлық Лион Цин Цуань еншіледі. Оның жалпы көрсеткіші - 293 келі. (133+160) Осы салмақта Қазақстанның намысын қорғаған спортшы Арли Чонтей жалпы есепте 274 ұпай жинап, 6-шы орынға тұрақтады. (129+145) Айта кетейік, ертең дүбірлі додада отандық зілтемірші аруымыз Маргарита Елисеева Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Соңғы жаңалықтар