Солтүстік Корея елде коронавирустың алғашқы жағдайы тіркелгенін мәлімдеді

None
СЕУЛ. ҚазАқпарат — Солтүстік Корея елде коронавирустың алғашқы жағдайы тіркелгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін Корей Халық Демократиялық Республикасының билігі пандемия басталғалы елде коронавирус инфекциясын жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмегенін мәлімдеп келген болатын.

Пхеньянда жексенбі күні пациенттерден алынған сынама коронавирустың «омикрон» штамымен сәйкес келетінін көрсеткен.

Індетпен байланысты елдегі «аса күрделі төтенше жағдайды» талқылау үшін Пхеньянда президент Ким Чен Ыннің қатысуымен саяси бюро отырысы өтті.

Отырыс барысында Ким Чен Ын «күтпеген дағдарысты» еңсеруге уәде етіп, барлық шенеунікке вирустың таралуына ықпал етуі мүмкін барлық жолдарды бұғаттауды тапсырды. Сондай-ақ ол шекара бойында, соның ішінде теңізде және әуеде қырағылықты күшейтуді жүктеді.

Атап өтілгендей, мұндағы мақсат – елді басқаруда тұрақтылықты қамтамасыз ету, вирустың таралуын ауыздықтау, сондай-ақ «індет ошағын қысқа уақытта жою үшін» анықталған науқастарды емдеу.


Соңғы жаңалықтар