Солтүстік Қазақстанға кәсіп ашамын, жер игеремін деп қоныс аудару керек – Бурахан Дақанов

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қоғам белсендісі Бурахан Дақанов өз ісімен көпке үлгі болып, Алматы облысынан Солтүстік Қазақстанға қоныс аударды. Және жалғыз келмей, он шақты отбасыны өзімен бірге ала келді. ҚазАқпарат тілшісі қоныс аударушы тұрғынмен сұхбат құрған еді.

- Жаңа қонысыңыз құтты болсын, Бурахан! Көшемін, қоныс аударамын деген идея қалай және қашан пайда болды?

- Көшемін, қоныс аударамын деген ойдың үстінде жүргеніме 2 жылдай болды. 2017 жылдан бері ұлтшылдық саласында жүрмін, яғни қазақ елінде қазақ халқына ұлтшылдық идеологиясын дамытуға, өз ұлтына деген құрметті арттыруға , ұлтымыздың бай-қуатты болуына, биіктерге көтерілуіне сеп болып, соған жағдай жасауға ниетті адамдардың бірімін. Осыдан біраз жыл бұрын ұлтшылдар қауымдастығын аштым және тағы да сондай ұлтқа пайдасы тиетін дүниелерді атқарып жүрген жанмын.

Соңғы уақытта солтүстік мәселелері ақырын-ақырын қозғалып жатқан кезде мен де әлеуметтік желілерде насихаттай бастадым. Бірақ көпшілік сияқты көш-көш деп құр ауызбен айтқаннан көп нәрсенің өзгермейтінін түсіндім. Сол себепті нақты іс керек болды. Өйткені біздің халық ақыл естуден шаршаған халық, бізге көзбен көретін іс керек. Сол себепті өз көшімді неғұрлым халыққа тараттым үлгі ретінде. Міне, көшіп келдік.

Осы көштің арқасында 200-дей отбасы Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына көшті. Тіпті, Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласына да біршама отбасы көшіп барды.

- Көшпес бұрын тағы қай облыстарды араладыңыз? Таңдау неге Солтүстік Қазақстан өңіріне, соның ішінде Сергеевка қаласына түсті?

- Шыны керек, 2017 жылдан бері мен Қазақстанның біраз жерінде болдым. Батыс Қазақстанда, оңтүстікте, Алматы, Шығыс Қазақстанда, Талдықорғанның маңайында, Текелі деген ғажап жерде тұрдым. Қазақтың жері, қазақтың шөлі де, нулы орманды жері де маған бірдей еді. Солтүстік Қазақстанға көшіп келген себебім – мен ұлтшылмын, осы өңірде қазақ санының аздығы, қазақ тілінің лайықты деңгейде қолданылмауы, сондай-сондай критерийлер маған әсер етті. СҚО-дағы қазақтардың санын арттыру мақсатында, қазақи идеологияны барынша тарату мақсатында осы өңірге көшіп келдім.

Сергеевкаға көшпес бұрын Павлодар жаққа барып, көріп қайттым. СҚО-ның Айыртау ауданында, Саумалкөлде қазақтар көп. Маған неғұрлым орысы көп, қазағы аз жер керек болды. Мынау Сергеевкада кем дегенде 60 %-ы өзге ұлт өкілдері. Қалған қазақтың тек жартысының аты ғана қазақ, яғни орыс тілді қазақтар, орысша ойлайды, менталитеті де орысша. Сол себепті ауыз толтырып, 80 %-ы орыс деп айтса да болады. Менің басты мақсатым – осы жағдайды өзгерту.

Алаш арыстарының 70-80 %-ы шыққан Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында қазақтардың сол баяғы алаштықтарды туған жерге сәйкес болмай қалғаны жүрегіме батты, шыны керек. Қаншама ақын-жазушыларды дүниеге әкелген құтты мекен ғой. Сол себепті менің басты ниетім, осы жақта баяғы алаш заманындағыдай, одан бұрынғы ... Мысалы мына Сергеевка деген елді мекен Шал ақын ауданына қарайды. Шал ақын деген керемет, бүкіл қазаққа танымал ақын болған. Сол Шал ақынды осы жергілікті жердегі қазақтардың көбі білмейді кім екенін. Мен осындағы жас балалардан, жігіттерден сұраймын кім деп, көбі білмейді.

- Өзіңіз және отбасыңыз жайында айтсаңыз.

- 1992 жылы қақаған қыста Алматы облысында дүниеге келгем. Жасқа толар-толмастан ата-анам Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы, бұрынғы Шұбартау ауданында Баршатас деген жерге қоныс аударып, сол жақта өстім. Анам сол жақта білім саласында еңбек етті, ұстаз, директордың орынбасары, директор болып қызмет атқарды. Кейін үлкен апамыз ауырып қалып, кейін ол жерден қайта көшіп кетік. Кішкентай кезімнен көшіп-қонып жүргеннен кейін, маған басқа адамдарға қарағанда көшкен оңайырақ. Сол себепті көшуден қорықпаймын.

Төрт балам бар. Жақсы орналастық, Үкімет бізге үй берді. Адам басына беретін 204 мың теңгеден жәрдемақысын да алдық. Қысқасы, үйреніп кетеміз деген ойдамыз. Қасымда мен арқылы көшіп келген 3-4 отбасы бар. Солармен бірігіп, жақсы қарым-қатынастамыз.

- Қалай орналастыңыздар? Немен айналыспақ ойыңыз бар?

- Мына жақта жерді еміп отырған, кәсіппен, егіншілікпен айналысып жатқан кәсіпкерлердің бесеуінің төртеуі – орыс ұлтынан. Көшеде келе жатып төрт жақсы көлік көрсең соның үшеуінің рөлінде өзге ұлт өкілі. Мақсатым – қазақты жер иесі ету. Сол себепті Солтүстік Қазақстанға немесе Павлодарға көшіп келіп жатқандарға айтарым – бара сала бірігіп болсын мал өсіремін деп, егін саламын деп жер алуға тырыстырып жатырмын. Өйткені жері бар қазақ қана сол жердің жоғын жоқтайды, сол жерге жауапкершілігі артады.

Сол себепті мен де қазір инвесторлар іздеп жатырмын. Осы Шал ақын ауданында 30 % жері бос. Шабындық жерлер де бар, мал өсіруге өте қолайлы. Жерінің қара топырағының тереңдігі бір метрден кем емес. Ексең таяқ өседі. Инвестор тапқан жағдайда көшіп келген жігіттермен бірігіп, осы жерде мал өсіретін орталық ашсам деген ниетім бар.

«Теріскейге жорық» деп телеграмм канал ашқалы бері, маған ойымды жүзеге асыру оңайырақ болып жатыр. Өйткені қасыма көшіп келген 8 адамның екеуі өмір бойы қой баққан екен. Яғни қой өсірудің қыр-сырын жақсы біледі. Біреуі өмір бойы ветеринар болған кісі. Біреуі – жылқышы, енді бірі – заңгер. Қысқасы жаныма өзіме сай адамдарды жинап жатырмын деп айтуға болады. Болашақта асыл тұқымды малды өсіріп, бүкіл Қазақстанға тарататын үлкен орталық ашу жоспарда бар. Гисар, еділбай, дорбер, гемшир деген сияқты асыл тұқымды қойлар бар. Сондай қойларды осы жерде өсіріп, көбейтіп, осы жақта қой шаруашылығын дамытсам деймін. Өйткені қазір байқаймын, қой шаруашылығы кенже қалған, оны сойып, сататын орындар дамымаған. Ондай кемшілік басқа аудандарда да бар.

Тағы бір арманым Моңғолияда қазақтың қызыл қойы деген асыл тұқымды бір керемет қой бар. Инвесторлар табылып жатса осы қойдың жүз саулығы мен 20 қошқарын алдырып, осы өңірде көбейтіп, қазақ еліне таратсам деген ойым бар.

Біз қазақтың төбетінен айырылып қалдық, қазақтың жылқысы да жоқ қазір. Енді қазақтың қойын да құртып алмайық деп айтқым келеді.

- Көпшілік Сізді әлеуметтік желіден жақсы біледі, үнемі пост жазып, белсенділік танытып жатасыз, сіз блогерсіз бе?

- Мен өзімді блогер деп есептемеймін. Көптеген адамдар үшін әлеуметтік желі, ондағы лайк саны, тағы басқа дүниелер маңызды. Шыны керек, маған ол нәрсенің қатты қадірі жоқ. Мен кейде ішімдегі ойымды жазамын, оны бір құрал ретінде емес, таныстық алаңы сияқты пайдаланамын. Өйткені, мойындау керек, осы әлеуметтік желі арқылы барған жерімде досым бар да менің. Қазақстанның кез-келген жеріне барып, сол жайында әлеуметтік желіге жазсам, сол жерде күтіп алатын адамның болатынына сенімім зор. Сол бір артықшылығына риза боламын.

- «Теріскейге жорық» телеграмм каналын ашқан екенсіз, қазір оған қанша адам жазылған? Мақсат – мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып қоныс аударуды ниет еткендерге ақпараттық көмек көрсету ғой?

- «Теріскейге жорық» телеграмм каналын аштым, қазір 4 мыңнан астам адам жиналған. Бұл шамамен екі айдың ішінде жиналғаны. Олардың ішінде 2 %-ы көшіп келді немесе әне-міне көшейін деп отырғандар. 10-20 %-ы келесі жылы көшпек ниетте. Қалғаны ниетім бар деген адамдар. Ішінде жоғары лауазымды адамдар да, олардың көмекшілері де отыр.

- Жорық - шабуыл деген мағынада. Тарихта, әдебиетте соғысқа қатысты ұғым. «Теріскейге жорық» деп атауыңызға не себеп?

- Мен ештеңені өсіріп айтып отырған жоқпын. Жорық – ол жорық. СҚО-да өзге ұлт идеологиясы қазір өршіп тұр. Сол идеологиямен соғысу үшін аштым. Яғни қазақ идеологиясы мен орыс идеологиясы арасында бәсекелестік, тартыс болады. Сол кезде идеологиялық әскер санының аз болып қалмауына мен өзімнің себімді тигізіп, оңтүстік жақтағы қазақи адамдардың барлығын бері қарай тартатын ниетім бар. Басқа да өзін ұлтшылмын деп жүргендерді, ұлтыма қызмет етемін деп жүрген адамдарды, әлеуметтік желіде белсенді немесе қолында аздаған болсын билігі бар адамдарды қатарға қосылуға шақырамын, олар да сеп болып көмектессе екен.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кешегі Жолдауында «Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек» деді. Мемлекеттік бағдарлама жұмыс күші көп облыстардан жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныстандыруды көздеген. Сіз мұны өз басыңыздан өткердіңіз, яғни бағалай аласыз. Бағдарламаның кемшін тұстары бар ма?

- Бұл бағдарламаның кемшін тұстары жоқ емес, бар. Бірінші айтарым – СҚО-да және Павлодар облысында салынған үйлердің бәрі – біркелкі. 80-90 шаршы метрлік үйлер. Мысалы Шымкенттен көшіп келген 2 баласы бар отбасыға да немесе Маңғыстаудан көшкен 7 баласы бар үйелменге де сондай үй беріледі.

Екінші мәселе – көшіп-қонуға жауапты жергілікті органдарда қарама-қайшылықтар бар. Мысалы, мен көшіп келдім, мына жерде маған жаңа үй берді. Бірақ ол үй маған тегін берілген жоқ, мен оны жалға алып отырмын. Осы жердегі жергілікті халықтың ренжитін жөні бар. Өйткені олардың үйіне су тартылмаған, жағдайлары жасалмаған. Міне наразылық қайдан туады. Солтүстікке адам көшіруден бұрын, Солтүстікте адам неге аз деген сұрақтың жауабын тауып, салдарымен емес себебін жоюға күш салу қажет. Шындығында, жергілікті жерден көшіп жатқан тек қана орыстар емес, Қаракөз қандас, тамырлас һәм руластарда жетерлік. Неге? Өйткені жастарды ұстап қалар дүниелер жоқтың қасы. Ал ұлдарына байланған әке шеше ұл кетсе артынан бармай ма? Сол себепті жағдайды көшіп келіп жатқандарға ғана емес, барлығына бірдей жасау қажет деген пікірдемін, сондай ұсынысым бар. Ондай жағдай жасалмаса да ара-қашықтық сақталуы керек.

Осы көшке байланысты халық пен Үкіметтің арасына көпір болатын бір ақпараттық орталық керек. Мысалы: Тәуекел атты роботты техника құрастырушы білікті инженер теріскейге көшкісі келеді. Төрт баласы бар. Әйелі – физик. Сол кісі бізге хабарласады. Біз құжаттарды тіркейміз. Артынан Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласының жұмыспен қамту маманы бізге хабарласып, біздің мектепке физик және жоғары деңгейдегі инженер керек десе, біз бірден Тәуекелге хабарласып, тез арада көшіріп жібереміз. Енді ойлаңыз, Тәуекел секілді мың, он мың, жүз мың адам бар. Солардың ақпараттары орталықта болады. Біз сұраныс бойынша орналастыра береміз. Бәрі ұтады.

Қысқасы, егер Үкімет осы бір дүниені жасауға қолдау берсе, өзім басы-қасында жүріп, жобаның толық іске асуын өз мойныма алуға дайынмын.

Иә, Президентіміздің Жолдауын тыңдадым. Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ, оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет деді.

Толық қосыламын, өйткені, бұл ауылдарда да жұмыссыз жүргендер бар. Сол себепті көшіп келетін адамдар бұл жаққа бизнеспен айналысамын, кәсіп ашамын, жұмыс беремін деген ниетпен келулері қажет, сондай адамдарды шақыру керек ең алдымен. Мысалы егер мен осы жерде қасапхана ашатын болсам, маған кем дегенде екі мал союшы, екі бордақылайтын адам, ішек-қарын тазалайтын екі әйел, одан бөлек бас үйітетін, басқа да көмек беретін бір адам керек болады. Яғни мен жеті адам, өзіммен бірге сегіз адамды жұмыспен қамтимын.

СҚО-ға келетін адам бизнес ашамын, жер игеремін, байимын, малданамын, аяққа тұрамын деп келуі керек. Өйткені, тұрғылықты жерінде өзіне жұмыс таба алмай, қиналып жүрген адамның мына жаққа келіп жұмысқа орналасып кетуі неғайбыл. Өйткені бұл жақта еңбекақы төмен, күн суық, тағы да ескеретін жайттары бар. Сол себепті іс ашамын деп келуі қажет.



Соңғы жаңалықтар