Солтүстік Қазақстанда жазғы демалыспен 67 мың оқушы қамтылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Биыл СҚО-да оқущылар 100% жазғы демалыспен қамтылады. Бұл - 67 мың оқушы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқушыларды жазғы демалыспен қамтамасыз ету мәселесі СҚО әкімдігінің отырысында талқыланды.

Өңір басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, солтүстікқазақстандық балаларды 14 демалыс лагері қарсы алуға дайын. Оның бесеуі сенімгерлік басқаруда. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов демалыс орындарын сенімгерлік басқаруға беру үрдісін одан әрі жалғастыру керек дейді.

«Бізде жақсы мысал бар. Тайынша ауданында жеке кәсіпкер балалар лагерін сенімгерлік басқаруға алып, нысанда жақсы жағдай жасау үшін 18 млн теңге жұмсады. Облыс бойынша 5 лагерь сенімгерлік басқаруда. Оның санын көбейту керек. Тәжірибе жүзінде қолға алуға болады. Бұл қазір жақсы бизнес. Ел бойынша осындай үрдіс бар. Колледждерді, емханалар мен мектептерді сенімгерлік басқару жүйесіне өткізуде. Бізге ең бастысы тариф қолжетімді болу керек», - деді Құмар Ақсақалов.

Лагерьлерде демалу ақысы 15 мыңнан 30 мың теңгеге дейін. Бұл басқа аймақтармен салыстырған едәуір арзан. Жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасап, 191 балаға 17 млн теңгеге жолдама алып берді. Демалыс лагерьлерінен бөлек жазда түрлі үйірмелер мен аулалық клубтар ашылып, оған 10 мыңға жуық оқушы тартылмақ.

«Лагерьлерден бөлек жалпы білім беретін 480 мектепте мектеп жанындағы алаңдар жұмыс істейді. 95 палаткалық лагерь құрылып, онда «Жас сарбаз» әскери-патриоттық ұйымының мүшелері демалады. Одан бөлек 24 аулалық клуб құрылмақ», - дейді СҚО Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.

Мамандардың айтуынша, биыл балалар лагерьлерінде 44 млн теңгеге күрделі жұмыс істелінді.

Соңғы жаңалықтар