Солтүстік Қазақстанда заңсыз елік атқан браконьер сотталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз елік атып, мемлекетке 1 млн артық теңге шығын келтірген ауыл тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 қараша күні Тимирязев ауылының тұрғыны аң аулауға шыққан. Оның сібір елігін атуға рұқсат беретін жолдамасы болмаған.

Ал өзімен бірге алып шыққан қосауыз мылтығын заңды түрде тіркемеген.

Рассвет елдімекеніне қарай бағыт алған ол алқапта жайылып жүрген төрт сібір елігін көреді. Көп ойланбастан мылтығын алып, жабайы аңның біреуін атып алады.

Осылайша сотталушы мемлекетке 1 041 750 теңге шығын әкелген.

Тимирязев аудандық соты қылмыстық істі қарады. Сот барысында сотталушы өз кінәсін толық мойындады.

Сот заңсыз елік атқан ауыл тұрғынының 1,5 жылға бас бостандығын шектеді.

Сондай-ақ ол 3 жылға аң аулау құқығынан айырылды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар