Солтүстік Қазақстанда үздік ауыл әкімі анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауы бірінші кезеңінің қорытындысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үздік ауыл әкімі» байқауын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырды. СҚО-да оған қатысуға 30 ауыл әкімі ниет білдіргенімен, оның 23-і ғана байқау талабына сай болып шықты.

«Облыстың этика бойынша сенімді өкілімен бірге сауалнама құрастырылып, мемлекеттік қызметшілердің қаншалықты әдеп сақтайтыны тексерілді. Әкімдердің тұрғындармен байланыс орнатуы, олардың осы бағыттағы жетістіктері сараланды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықтың әкім туралы пікірін білдік. Ол үшін 16 өлшем бойынша облыс әкімдігінің сайтында онлайн-дауыс беру ұйымдастырдық», - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысы Елена Степаненко.

Бұдан басқа байқауға қатысушылар «Мен неге «Үздік ауыл әкімі» болуға лайықпын» тақырыбында эссе жазып, ауылдық округті дамытуға және оның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге арналған жобалық жұмысын қорғады. Жоғары балл жинаған үміткерлер аймақтық конкурс комиссиясының онлайн әңгімелесуінен өтті. Бұл комиссияға БАҚ, қоғамдық бірлестік өкілдері және мемлекеттік органдардың жетекшілері енді.

«Үздік атану үшін Тайынша ауданындағы Зеленогай, Аққайың ауданындағы Власов, Қызылжар ауданындағы Рощинское, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Возвышенка және Салқынкөл ауылдық округтерінің әкімдері өзара бақ сынады. Нәтижесінде Зеленогай ауылдық округінің әкімі Гүлбаршын Бәтенова жеңімпаз атанды. Оның эссесі де, жобалық жұмысы да жоғары бағаланды. Тұрғындар арасында жүргізілген онлайн-дауыс беруде ол 10 баллдан 9,88 алды», - дейді Елена Степаненко.

Гүлбаршын Бәтенова сондай-ақ, мемлекеттік награда - «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бұл да ескерусіз қалған жоқ. Енді облыстың үздік ауыл әкімі республикалық байқауда облыс намысын қорғайды.




Соңғы жаңалықтар