Солтүстік Қазақстанда сапасыз жол салғандар жазаға тартылып жатқан жоқ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл автомобиль жолдарын жөндеуге 39,1 млрд теңге жұмсалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтің төрағалығымен «Сапалы жол» жобасының жүзеге асу барысы талқыланған кеңес өтті. Жөндеумен және сарапшылық қызметпен айналысатын ұйымдардың басшылары жауапкершілік жайында ескертілді.

«Қазіргі таңда облыста 9 мыңнан астам шақырым автомобиль жолдары бар. Оның екі мыңға жуығы - республикалық маңыздағы, қалғаны - жергілікті жол. Биыл автомобиль жолдарын қалыпқа келтіруге 39,1 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл қаржыға 1 мыңнан астам автомобиль және елді мекендердің көше жолдары түрлі жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Барлық ауданда жұмыстар жүргізіледі», - деді Антон Федяев.

Қазірдің өзінде салынып жатқан жолдардың және кепілді мерзімдегі нысандардың сапасына қатысты сын-ескертпелер бар.

«Мониторинг тобының өкілдері Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандарымен бірге биыл үш рет жөнделіп жатқан учаскелерде болды. Нәтижесінде ондаған олқылықтың беті ашылды. Жиі кездесетіні – асфальт жолдың ені мен қалыңдығының белгіленген талаптарға сай болмауы. Тығыздығы жетпегендіктен, салдарынан шөгіп, жол жабындысы жарылады», - дейді СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекшісі Ернар Баянғазин.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының айтуынша, осыған байланысты соңғы уақытта техникалық қадағалаудың тек бір өкілі ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, алайда лицензиясынан айырылған жоқ. Яғни «Крэдо СК» ЖШС-не Заградовка елді мекеніне кіреберіс жолды орташа жөндеуге қатысты 250 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Ал жұмысына атүсті қарайтын мердігерлердің ешқайсысына жаза қолданылған жоқ.


Соңғы жаңалықтар