Солтүстік Қазақстанда радонмен емдейтін жаңа туристік нысандар ашылуда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында туристік нысандар саны артып, бұрыннан барлары жаңартылып жатыр. Тек былтыр осы мақсатқа 411 млн теңге жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Құмар Ақсақалов Имантау-Шалқар курорт аймағының туристік нысандарын аралады. Заманауи «Изумрудное» демалыс базасы бір жылда 80 млн теңгеге салынды. Туристік нысанды жергілікті кәсіпкер Александр Воронов тұрғызды.

Қазірдің өзінде мұнда 4 үй толық дайын. Үйден бірнеше метр қашықтықта жағажай орналасқан. Демалыс орнындағы екі қабатты коттедж үйді жалға алу құны - 20 мың теңге.

«Бұл демалыс орны бір жылда салынды. Туристерге бар жағдай жасалған. Ыстық және ауыз су, абаттандырылған жағажай, балалар алаңқайы бар. Демалыс базалары осындай деңгейде болуы тиіс», - деді Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ, өңір басшысы «Шалқар су» санаторийін қайта қалпына келтіру жұмыстарымен де танысты. Жаңа инвестор нысанға 1 млрд теңге қаржы құйған. Бұл емдеу орны 200 адамды қабылдай алады. 50 адам еңбек етеді.

«Санаторийде радон және сазбен емделуге болады, тұзды көлдің жағасында орналасқан. Біздің тұрғындар үшін демалатын және емделетін жақсы жер болады. Кәсіподақ жолдамалары бойынша мұғалімдер, дәрігерлер, ардагерлер осында демалмақ», - деді Құмар Ақсақалов.

Қазір курорт аймағында 38 туристік нысан бар. Былтыр 411 млн теңгеге 10 жоба жүзеге аса бастады. Биыл 7 демалыс базасы ашылмақ.

Инфрақұрылымның дамуына да көңіл бөлінеді. Биыл жолдарды жөндеуге 3 млрд теңге бөлінген. «Визит орталығы» салынып, Имантау көлінің жағалауы қалыпқа келтіріледі. Ботай мәдениетінің мұражайы да ашылмақ. Туристік соқпақтар мен кемпингтік аймақтар салынады деп жоспарланған.

null

Соңғы жаңалықтар