Солтүстік Қазақстанда «Менің туым – менің Отаным!» челленджі жалғасып жатыр

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Менің туым – Менің Отаным!» челленджі әр аудан, ауылдарда жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атқа қонып, ту ұстаған жігіттердің сап түзеп өткені, ұрандатқаны бар, рух беретін әндер шырқалған бейнероликтер әлеуметтік желіні шарлап кетті.

Бұл – солтүстікқазақстандық жігіттердің бірер апта бұрын бастап кеткен челленджі. Алғашқы іс-шара Тайынша ауданының Қарағаш ауылында өткен екен.

«Патриоттық тәлім-тәрбиесі өте зор челлендж-шерудің қасиетті Қызылжар жерінен басталуының өзіндік мәні бар. Осы облыста Ботай қонысы орналасқан. Онда осыдан 4 мың ғасыр бұрын жылқы малы қолға үйретілген. Сөйтіп бабаларымыздың өмірлік серігіне, жаудан елді, жерді қорғау құралына айналған. Сондықтан осы акцияны тұяғымен жер тарпыған, ауыздығымен алысқан сәйгүліктерге қиқу қоса, көк байрағымызды желбірете барлық елді мекендерде ұйымдастыру – биыл атап өтілетін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған сый болса, басты мәні Біртұтас Қазақ Елін бөлшектеуді көздейтін ішкі-сыртқы сепаратистік, шовинистік күштер мен топтарға деген қарсылық акциясы, қазақ ұлты әманда бірге деген ұғымды білдіреді», - дейді СҚО тұрғыны, мәдениет қайраткері, белгілі журналист Өмір Есқали.

Челлендж қазір өңірдің әр ауданында, әр ауылында өтіп жатыр. Айыртау ауданының Ақан сері, Казанка, Карасевка елді мекендерінде ұйымдастырылды. Қалғандары дайыналып жатыр.

«Қазақстан жастарының патриоттық рухын ояту үшін және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай басталған іс-шараға ат салысып жатырмыз. «Менің туым – Менің Отаным!» атты челлендж біздің Ақан сері ауылында да жалғасын тапты. Ата-бабамыздың қанымен, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бізге мұра болып қалған кең-байтақ жерімізді қадірлейміз, қорғаймыз», - дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Рақымжанов.

Іс-шара көрші Ақмола облысында да қолдау тапты. Қоянды ауылында 20 шақты адам атқа қонып, ту көтеріп шеруді бастаса, олардың соңынан жүздеген көлік ілесті.

«Әу бастығы ой қадір-қасиетін түсірмей, науқаншылдыққа салынбай, дәмін кетірмей СҚО-ның 13 ауданында жоғары деңгейде өткізіп, қазіргі Петропавл қаласында түйіндеу еді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы бұл челлендждің өзегі болуы тиіс. Яғни бұл акцияның мән-мағынасы, тәлім- тәрбиесі болуы қажет. Қазір көп ауылдарда біркелкі етіп өткізіп жатыр, меніңше бұл дұрыс емес, түрлендіру керек, батырларша киініп, сахналық көріністер болғаны дұрыс. Аузы дуалы қарттар сөз сөйлесе. Сондай-ақ бейнероликтерден көріп жүрмін, көліктер сигнал береді. Оның орнына мықты, рухты әндерді дыбыс ұлғайтқышпен берсе», - дейді Өмір Есқали.


Соңғы жаңалықтар