Солтүстік Қазақстанда Мәжіліс депутаттығына 3 кандидат таласады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалының кезектен тыс XXXI конференциясы өтіп, Мәжіліс депутаттығына үміткерлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысынан Мәжіліс депутаттығына үміткер үш өкілді «Праймериз» жүйесінде дауыс беру арқылы 150 делегат таңдады. Конференция жұмысына партияның аймақтық филиалының төрағасы, облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

«Nur Otan» партиясы СҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, ең көп дауысты «Зенченко және К» КС бас директоры Геннадий Зенченко, «Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Есжан Оразалин және «Заң қызметтері орталығы» ЖШС директоры Дмитрий Колода жинаған.

Олар басқа 13 үміткердің қатарында пікірталасқа қатысып, бірқатар өткір тақырыптарды көтерді. Олардың ішінде білім, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіпті дамыту мәселелері бар.

Конференцияда делегаттар соңдай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының мәслихатына партиялық тізімді бекітті. Оған партиялық квотаны ескере отырып, ең жоғары рейтинг жинаған 48 кандидат кірді.

Нәтижесінде қазір тізімнің 33% - әйелдер және 21% - жастар. Үміткерлердің орташа жасы - 46. Облыстық мәслихаттың қазіргі депутаттарының ішінен тізімге 10 адам кірді.

Сонымен қатар, конференция делегаттары «Nur Otan» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасын бекітуге дауыс берді, онда дамудың 7 басымдығы көрсетілген.

Жалпы облыс бойынша сайлауалды бағдарламалардың 15 жобасы әзірленді: 1 – облыстық, 1 - қалалық және 13 аудандық.

Конференция соңында партияның XX съезіне делегаттар сайланып, партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында праймеризге 632 нұротандық қатысты.

Облыс бойынша кандидаттар сайлаушылармен 6 500-ге жуық кездесу өткізіп, барлығы 123 500 адамды қамтыды.


Соңғы жаңалықтар