Солтүстік Қазақстанда күніне шамамен 5-6 мың адам вакцина алып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы коронавируспен ауырғандар саны артқан жағдайда ауруханалардағы инфекциялық орындарды 2200-ге жеткізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, коронавирусқа қатысты өңірдегі жағдай көңіл көншітпейді. 1 шілдеден бастап ауруханалардағы инфекциялық орындар 630-ға жетті.

«Бір апта бұрын 167 сырқат жатып, 27 %-ға ғана толды, жансақтау бөлімшесінде 17 ауыр науқас ем алды. Қазір науқастардың саны 290-ға жетті, инфекциялық орындардың 46 %-ы толған. Жағдайы нашар сырқаттардың саны – 23. Алайда бұл сан тұрақсыз, күніне орта есеппен 10 адам жансақтау бөлімшесінен шығарылса, соншасы қайта түсіп жатады. Ауырып жатқан 290 науқастың 80 %-ынан астамына оттегі баллондары қажет. Тек бір аурухананы ғана алатын болсақ олар тәулігіне 80 оттегі баллонын қолданады. Өткен жылмен салыстырсақ, бұл өте көп. Былтыр біз мұнша оттегіні 1 мың адамға пайдаланатынбыз. Бұл нені көрсетеді? Бүгінде ауырып түсіп жатқан сырқаттардың басым бөлігі – жастар. Олардың ілеспе аурулары жоқ. Тағы бір ерекшелігі – ауру ағзаға өте жылдам тарайды. Бұрын сырқаттар 1-2 апта үйде өздігінен емделіп, тек сосын ғана болмағасын ауруханаға түсетін. Ал қазір кей жағдайда ауырғандарды ПТР тест те көрсетпейді. Жұқтырып, ауырып жатқандардың көбі – вакцина алмағандар. Сондай-ақ ауырғандармен байланыста болғандар. Қарағанды, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан кейін және көрші Ресейге барып-келіп ауырғандар», - дейді Нұрлан Айманов.

Дәрігердің айтуынша, амбулаторлық сырқаттардың саны да артып отыр. Облыста жалпы 98 мобильді бригада бар. Маусым айында өңір «жасыл» аймақта болғанда небары 10 мобильді топ қана жұмыс істеген. Қазір олардың саны 56-ға жетті. Бір бригада тәулігіне орта есеппен 8-20 шақыртуды қабылдайды екен.

«Әрине, өткен жылмен салыстырғанда коронавируспен күреске біздің дайндығымыз бар. Әртүрлі дайын сценарий әзірленген. Инфекциялық орын 60-70 %-ға толған жағдайда біз кезең-кезеңмен инфекциялық стационарларды аша бастаймыз. 1860 орындық стационарды ашуға дайынбыз. Олар қазір бос тұрған жоқ. Бұл ауруханалардағы жүрек, өкпе, тағы басқа ауруларға арналған орындар, біз қажет болған жағдайда оларды коронавирусты жұқтырғандарды емдеуге береміз.

Медициналық қауымдастық 1,5 жылдан артық қиын жағдайда жұмыс істеп келеді. Біз коронавирусқа қатысы жоқ сырқаттарға тиісті деңгейде көмек бере алмай отырмыз. Коронавирус инфекциясын емдейтін дәрі ойлап табылған жоқ. Қазір біз бұл аурудың тек салдарын ғана емдейміз.

Сырқаттанғандар саны артқан жағдайда инфекциялық орындардың санын 600-ге көбейтеміз, қажет болса тағы соншаға арттырамыз. Ал 2200-ге жеткен жағдайда облыстағы бірде-бір аурухана, емхана жұмыс істемей, тек қана КВИ жұқтырғандарды емдейтін болады», - дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Қазір облыста 261 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Пандемия басталғанда небары 79 ғана болған.

«Облыста қажетті қондырғылар жетерлік. Бірақ та біз басқа да сырқаттардың барлығын, оларға да медициналық көмектің қажеттігін естен шығармауымыз қажет. Сол себепті тұрғындарды жағдайды ушықтырмай вакцина алуға және барлығымызға белгілі санитарлық нормаларды ұстануға шақырамын. Облыста маусым айының соңынан бастап вакцина алушылар саны артты. Бұған дейін күніне орта есеппен 290 адамнан ғана екпе салдырып келсе, қазір препараттың бірінші компонентін 5-6 мың адам, екінші компонентін 1,5-2 мың адам алады. Осылайша өңірде екпе алғандар саны 165 525 адамға жетті. Бұл жоспардың 53,2 %-ы. Облыс тұрғындарының 311 мыңнан астамы алуы тиіс. Бұл барлық ересек халықтың 76,5 %-ы. Әлі де 145 мыңнан астам адам вакцинациядан өтуі керек», - дейді Нұрлан Айманов.

Маманның айтуынша, өңірде вакцинаның екі түрі бар, олар: Спутник V және QazVac. Қазақстандық препарат санаулы ғана болса, ресейлік вакцина жеткілікті деңгейде, әр екпе пунктінде бар.

Бұған дейін СҚО-ның «қызыл» аймаққа өтіп, облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шыққанын айтқан едік.



Соңғы жаңалықтар