Солтүстік Қазақстанда күн жылынғалы 142 адамды кене шаққан

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 142 адамды кене шақты, оның 50-і – 14 жасқа дейінгі бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл кене шаққандардың саны өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда 8 % аз. Зиянды жәндіктен зардап шеккендердің ішінде кене энцефалиті тіркелген жоқ.

Мамандардың айтуынша, шаққан кене адам өміріне қауіп төндірмейді. Алайда жәндіктің сілекейімен бірге қанға түсетін вирустар адамға кене энцефалиті ауруын жұқтыруы мүмкін.

Кенелердің санын азайтып, таралуына тосқауыл қою үшін жыл сайын өңірде профилактикалық дезинсекциялық шаралар жүргізіледі. Биыл бұл мақсатқа 4 млн теңге бөлінді. Жалпы биыл 1 мың 51 га жер өңделуі қажет болса, оның 420 гектарында бұл жұмыс атқарылды.

«Өңдеуге масаға да, кенеге де әсер ететін препаратты таңдауға ұсындық. Сол себепті дәрілеу жұмыстары жүргізілгенде суы бар ойпаң жерлер де өңделді. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінді. Незізінен бұл жұмыстар балалардың жазғы сауықтыру лагерьлерінде, саяқбақтарда, адам көп жүретін орындарда жүргізіледі», - дейді СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Күлпаш Таласбаева.

Санитар дәрігерлердің айтуынша, кене адамдар үшін шілде айына дейін қауіпті. Кейін олардың белсенділігі төмендейді. Сол себепті табиғат аясына шыққанда ашық түсті, жабық киім, етік киген жөн. Міндетті түрде бас киім де кию керек. Кенеге қарсы репелленттерді де қолдануға болады. Ал кене шаққан жағдайда бірден дәрігерлердің көмегіне жүгіну керек.

«Алдын алу шараларының бірі – кене тарататын ауруларға қарсы екпе жасату. 3 кезеңнен тұратын егу жұмыстары жүргізіледі. Бірінші және екінші вакцина арасы - 5-7 ай. Ал екінші мен үшінші екпенің арасы - 12 ай», - дейді Күлпаш Таласбаева.


Соңғы жаңалықтар