Солтүстік Қазақстанда қатты дауылдан екі адам жарақат алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қатты дауыл тұрып, салдарынан бірнеше аудандағы ғимараттарға зақым келді. Екі адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті осыған байланысты брифинг өткізді. Ведомство бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, 7 сәуір күні 7 ауданда 24 нысанның шатырын жұлып кетті. Жалпы аумағы - 8 мың шаршы метр.

«Айыртау, Тимирязев, Ғ.Мүсірепов, Аққайың, Тайынша, Ақжар және М.Жұмабаев аудандарында негізінен денсаулық сақтау, білім беру мекемелері мен жеке тұрғын үйлер дауылдан зардап шекті. Яғни, 6 мектептің, 2 денсаулық сақтау, 1 дүкеннің, шағын бизнес өкілдеріне тиесілі 6 әкімшілік ғимараттың және 1 бидай өңдеп, сақтайтын нысанның шатырларын жұлып кетті», - дейді Рамиль Камалов.

Қатты дауылдан екі адам зардап шекті.

«8 сәуір Тимирязев ауданындағы Комсомольское елді мекенінде екпіні секундына 30 метрге жететін және одан да жоғары қатты желдің салдарына түнгі сағат 2.00 шамасында дүкеннің шатырын жұлып кеткен. Салдарынан екі адам жарақат алды. Олар - 1989 және 1977 жылы туған азаматтар. Олар қазір стационарда ем алып жатыр, жағдайы бірқалыпты», - дейді департамент басшысы.

Жергілікті атқарушы органдармен бірге келген шығын мөлшерін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Ғимараттар тез арада жөнге келтірілетін болады. Бірінші кезекте ауруханалар мен мектептер жөнделеді.

Рамиль Камаловтың айтуынша, зақым келген ғимараттардың арасында М.Жұмабаев ауданындағы үш қабатты аурухана да бар. Нысанның шатырын жұлып кеткен. Жалпы аумағы - 600 шаршы метр. Ауруханада босанатын үш әйел жатқан, олар зардап шеккен жоқ.


Соңғы жаңалықтар