Солтүстік Қазақстанда есірткі саудалап келген сайт жабылды
2019 жылғы 19 ақпан 16:41

Солтүстік Қазақстанда есірткі саудалап келген сайт жабылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық прокурорлардың араласуымен ел аумағында есірткі саудалап келген сайт жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, мониторинг барысында прокурорлар республика аумағында еш кедергісіз жұмыс істеп келген Big24.cc атты сайтты анықтаған. Сайтқа кірушілерге «спайс», «амфетамин», «гаш», «мефедрон» сияқты есірткінің көптеген түрлерін сатып алу ұсынылады. «Bitcoin», «Litecoin», «Payeer» немесе «Qiwi» интернет-әмияны арқылы есеп айырысқаннан кейін сатып алушыға есірткінің қайда тығылғаны айтылады.

Ал, бұл сайтты жарнамалаған сілтемелер Петропавл қаласындағы кей ғимараттардың қабырғаларынан табылды. Сайттың жұмысын заңсыз деп тауып, ел аумағындағы қызметін тоқтату үшін және олардың өнімдерінің таралуына жол бермеу үшін облыстық прокуратура Петропавл қалалық сотына арызданды. Ақпанның 7-сі күні олардың арызы толығымен қанағаттандырылды.

Облыс прокурорлары осы сияқты заңсыз сайттарды анықтау мақсатында жұмыстарын жалғастырмақ. Құқық қорғау органдары жауаптыларды анықтап, оларды тиісінше жазалауға мүдделі.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT