Солтүстік Қазақстанда екі фермаға күн панельдері орнатылады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екі шаруашылық баламалы энергия көздерін енгізу бойынша республикалық пилоттық жобаға қатысып жатыр. Кейін олардың фермалары басқа кәсіпкерлер тәжірибе алатын алаңға айналмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың күзінде ауыл шаруашылығында жаңартылған энергия көздерін қолдану пилоттық жобасына қатысу үшін фермерлік шаруашылықтардан өтінімдер қабылданды. Оған 36 сұраным түсіп, ішінен 10-ы іріктеліп алынды.

«Пилоттық жобаға Алматыдан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және біздің өңірден қатысып жатыр. СҚО-дан екі шаруашылық енді. Қазіргі уақытта бұл фермаларға қажетті қондырғылар сатып алынып, жеткізіліп жатыр. Олар шаруашылықтарға тегін орнатылады. Ал жоба аяқталысымен, бұл фермалар басқа ауыл шаруашылығы құрылымдарына тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін алаңға айналмақ», - дейді «Атамекен» ҰКП жобалар тобының сарапшысы Бауыржан Ахметаев.

Пилоттық жобаға енген шаруашылықтардың бірі – Тайынша ауданында орналасқан. «Қаратомар» серіктестігі қой шаруашылығымен айналысады.

«Қожалық иесі бұған дейін де баламалы энергия көздерімен жұмыс істеген, тәжірибесі бар. 2019 жылы шаруашылық шопанның жылжымалы үйін автономды электр қуатымен қамту үшін күн панельдерін орнатқан. Мал санының көбеюіне байланысты шопанға арналған екінші үйді жарақтандыру қажеттігі туындап отыр. Кәсіпкер пилоттық жобаға қатысуға өтінім берді. Айтуынша, қуаты 5 кВт болатын, сорғысы және GPS датчигі бар күн электр станциясы керек», - дейді Бауыржан Ахметов.

Екіншісі – Айыртау ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Вера Сухованың шағын құс фермасы. Оған күннен қуат алатын электр станциясы, температура датчигі мен энергияны пайдалануды бақылайтын жүйе қажет. Өйткені, маманның айтуынша, құсты күтіп-баптау, инкубатор тиісті режимде жұмыс істеп, қажетті микроклиматты қалыптастыру үшін электр қуаты көп керек.


Соңғы жаңалықтар