Солтүстік Қазақстанда егіс науқаны басталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Солтүстік Қазақстан облысында егіс науқаны басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ҚазАқпаратқа мәлім еткендей, солтүстікқазақстандық шаруалар барлық белгіленген ауданда жерді тырмалап болып (ылғал жабу), ауылшаруашылық дақылдарын себуге көшкен.

"Бүгінде көктемгі егіс 111,5 мың гектарды немесе жоспардың 2,9% құрайды. Оның ішінде, астық - 77 мың, майлы дақылдар - 30,6 мың гектарға себілді. Картоп 2,1 мың гектарға, ал көкөніс - 0,3 мың гектарға егілген", - деп бөлісті А.Сапаров.

Оның айтуынша, облыстың агроқұрылымдары тұқымдармен толықтай қамтылған. Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер отандық зауыттардан 123,5 мың тонна минералды тыңайтқыштарды алу үшін шарттар жасасқан. Оның жартысы төленген және 50 мың тоннасы тиелген.

"Көктемгі далалық жұмыстарды орындау үшін облыстың ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге 1 литрі 155 теңгені құрайтын 66,6 мың тонна дизель отыны бөлінген. Бұл жеткілікті мөлшер деп есептейміз. Сонымен қатар, дизель отынының 88% төленген. Оны жеткізу жұмыстары мамыр айының соңына дейін аяқталады", - деді А.Сапаров.

Осы жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы егістік алқап 4,1 миллион гектарды құрайды. Астыққа 2,7 миллион гектар жер бөлініп отыр.

"Егістік алқабын әртараптандыру аясында майлы дақылдар 1 миллион гектар жерге егіледі, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 41% жоғары", - деп атап өтті А.Сапаров.

 

Соңғы жаңалықтар