Солтүстік Қазақстанда биыл суға шомылуға арналған 58 орын бекітілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 12 көл мен Есіл өзенінде суға шомылуға 58 арнайы орын бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті брифинг өткізіп, өңірдегі жағдайға тоқталды. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, өңірде 60-тан астам өзен, 2 мыңнан астам көл, 100 шақты қазаншұңқыр бар. Алайда мұның барлығында бірдей суға шомылуға болмайды.

Соңғы 7 жылда арнайы әзірленбеген орындарда 180-нен астам адам, соның ішінде 24 бала суға кетті.

«Соңғы 8 жыл бойы арнайы суға шомылуға бекітілген орындарда адам қазасы тіркелген жоқ. СҚО әкімінің қаулысына сәйкес, өңірде халықтың демалып, суға шомылуына арналған 58 орын бекітілді. Олар 12 көлде және Есіл өзенінде орналасқан», - дейді СҚО ТЖД басқармасының бастығы Марат Мұратов.

Бұдан басқа департамент мамандары жалға алушылардың өтініштеріне сәйкес халық демалатын су айдындарын тексермек.

Өткен демалыс күндері құтқарушылар суға шомылатын және балық аулайтын жерлерде 32 рейдтік іс-шара өткізген.

Басты мақсат – оқыс оқиғалардың алдын алу, ескерту. Қауіпсіздікті сақтауға шақыру.

Брифингте сондай-ақ жарты жыл бұрын Чистое көлінде жоғалған балықшы денесінің табылғандығы да айтылды.

«Мамлют ауданы Пчелино елді мекенінің маңындағы Чистое көлінде 31 қазан 2020 жылы жоғалған ер адамның денесін таптық. Ол Петропавл тұрғыны, 1963 жылы туған. Алдын-ала болжам бойынша, суға кетті деп есептелді. Іздеу жұмыстары мұз қатқанға дейін жүргізілді. Биыл көлдің мұзы ерігеннен кейін іздеу жұмыстарын қалпына келтірдік. 6 мамыр күні балықшының денесін жағалаудан 25-30 метр жерден таптық. Ол құтқару жилетінсіз болған», - дейді СҚО ТЖД жедел-құтқару отрядының сүңгуір-құтқару бөлімшесінің жетекші-сүңгуірі Қайрат Самаев.

Естеріңізге салайық, ер адам 5-сыныпта оқитын немересімен балық аулауға барып, жоғалып кеткен еді.


Соңғы жаңалықтар