Солтүстік Қазақстанда биыл кене шаққандар саны 3 есе артты

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында күн жылынғалы 98 адамды кене шағып, олар дәрігердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл тұрғыны Василий Мысловский бірінші қалалық ауруханаға шамамен бір апта бұрын ауыр жағдайда түскен.

Ер адамның бірнеше күн дене қызуы 40 градустан түспей, денесі бөртіп, әлсірегеннен төсек тартып жатып қалған.

«Алдымен бұлшық еттерім ауырды, соғып алғандай. Кейін 2-3 күн бойы температурам 37 -37,5 градус болды. Күннен-күнге жағдайым нашарлап, әлсіздік, жөтел пайда болды. Қатты тоңдырып, денемде бөртпе пайда болды. Ыстығым 40 градусқа дейін көтеріліп, түспей қойғандықтан ауруханаға баруға мәжбүр болдым. Сол жерде мен кене шаққанын білдім, бір емес екі кене шаққан екен. Қазір жағдайым жақсы, күні-түні жанымнан шықпай ем жасаған дәрігерлерге, медбибілерге алғысым шексіз», - дейді Василий Мысловский.

СҚО-да эпидемиологиялық маусым басталғалы Василий сияқты 98 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Оның 32-сі – 14 жасқа дейінгі бала.

«Биыл кене шағу жағдайлары жиілеген. Былтыр осы кезеңмен салыстырғанда тек 34 адамды кене шақса, биыл зардап шеккендердің саны 3 есе артып отыр. Әзірге кене энцефалиті тіркелген жоқ. Кене энцефалиті - қауіпті инфекциялық ауру. Орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Аурудың салдарынан адам мүгедек болып қалуы, тіпті өліп кетуі де мүмкін», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова.

Былтыр өңірде 408 адамды кене шаққан, 9 адамда кене энцефалиті анықталды. Бір адам осы қауіпті инфекциядан қайтыс болды.

«Былтыр, өкінішке орай, Қызылжар ауданының 60 жастағы тұрғыны қайтыс болды. Әйел адамды тамыз айында кене шағып алған. Ол кісі бастапқыда мән бермей жүре беріп, дер кезінде дәрігерге қаралмаған. Салдарынан құтқару мүмкін болмады. Сондықтан да кене шаққан жағдайда бірден дәрігерге қаралуға кеңес беремін. Кенені өздігінен жұлып алуға болмайды. Орманға, табиғат аясына шыққан жағдайда ұзын жеңі бар ашық түсті киім киіп, арнайы крем, гель қолданған жөн», - дейді Айнаш Сағандықова.


Соңғы жаңалықтар