Солтүстік Қазақстанда басқармалар саны қысқарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 8 басқармасы қайта құрылып, біреуі жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жариялады.

«Президент тапсырмасына сай біз жинақы мемлекеттік аппарат құрып жатырмыз. Соған орай, 8 басқарманы қайта құрдық. Жастар саясаты басқармасы ішкі саясат басқармасына қосылды. Кәсіпкерлік және туризм - индустриялық-инновациялық даму басқармасына біріктірілді. Жер қатынастары басқармасы қысқарып, оның міндетін ауыл шаруашылығы басқармасы атқарады», - деді Құмар Ақсақалов.

Бұдан басқа жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы жойылды. Алайда екі - дін істері бойынша және мемлекеттік сатып алулар басқармалары құрылды.

«Тілдерді дамыту басқармасы мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы біріктірілді. Бұл толық ойластырылған шешім. Мәдениет және тіл - бір-бірімен тығыз байланысқан ұғымдар. Екі басқарманы біріктіре отыра, біз өңірдегі тіл саясатын жаңа деңгейде дамыта аламыз. Біріккен басқарманың жұмысына қосымша қазақ тілі мамандары тартылады. Сондай-ақ тілдерді дамытуға бөлінетін қаржы көлемі арта түспек», - деп жазды облыс әкімі.

Құмар Ақсақаловтың пікірінше, басқармалардың санын азайту арқылы бюджет қаражаты үнемделеді. Басқару құрамы шағын болғандықтан шешім қабылдау мерзімі қысқармақ.


Соңғы жаңалықтар