Солтүстік Қазақстанда әлеуметтік нан қымбаттамайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті билік әлеуметтік нанды қымбаттатуға жол бермейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында өңір басшысы әкімдік отырысында мәлімдеді. Облыста бағаны келесі егін орағына дейін ұстау үшін тұрақтандыру қорына қажетті мөлшерде ұн жиналды.

«Биыл ауа райы егіншілікке қолайсыз болды, оның ұн бағасына әсер ететінін алдын ала білдік. Сол себепті тамыз айында тұрақтандыру қорына 3 мың тонна ұн жинадық. Бұл көлем келесі жылға дейін жетеді. Осының арқасында нанның бағасын өсірмей, бір деңгейде ұстап тұра аламыз», - деді Құмар Ақсақалов.

СҚО-да әлеуметтік нанды жергілікті нан-тоқаш комбинаты пісіреді. Бөлкенің бағасы - 61 теңге. Бұл - әзірше республика бойынша ең төмен баға. Өңірде соңғы рет нан биыл наурыз айында қымбаттады. Ол жолы комбинат пісіретін «особый» деп аталатын нан бірден 14 теңгеге қымбаттады. Тұрғындар арасында сұранысқа ие өнім әлеуметтік нанға қарағанда шамамен екі есе қымбат.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті билік азық-түлік бағасын бақылауда ұстап отыр. Баға өспес үшін тұрақтандыру қорына көкөніс, сұйық май, жармалар және басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдер сатып алынды. СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасының ақпарына қарағанда, бүгінде тұрақтандыру қорында 385 тонна қант, 4,3 тонна қарақұмық жармасы, 448 қаптама қарақұмық, 20 мың литр сұйық май бар. 160 тонна сәбіз жергілікті тауар өндірушілерден келісін 83 теңгеден сатып алынған.

Соңғы жаңалықтар