Солтүстік Қазақстанда 85 елді мекенді көктемде су басуы мүмкін

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына дайындық пысықталып, гидротехникалық құрылыстарының жарамдылығы мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да су тасқынына дайындық мәселесі қаралды. СҚО әкімдігі аппаратының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғаныс бөлімінің бас маманы Берік Ғабдулиннің айтуынша, өңірде 20 гидротехникалық құрылыс бар.

Алайда оның екеуі апатты жағдайда тұр.

Олар – су қоймасы бар Шарық су торабы және Уәлиханов ауданы Қаратал ауылындағы «Сегіз көз» сегіз терезелі су өткізу ғимараты.

«Тағы төртеуінің жағдайы қанағаттанарлықсыз. Олар - Есіл ауылының жанындағы реттеуші бөгет, Петропавлдағы Ущев көшесіндегі қорғаушы бөгет, «Биопруд» сарқынды су жинағыш бөгеті және Тілеусай ауылының жанындағы су қоймасы бар су көтергіш бөгет. Бұл нысандардың темір-бетон плиталарын ауыстыру қажет. Ал «Биопруд» сарқынды су жинағыш бөгетін нығайту бойынша реконструкцияны аяқтау мәселесі өткір тұр. Петропавлдағы Ущев көшесі бойындағы қорғаушы бөгетті күрделі жөндеу қажет. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жобасы әзірленуде. Бюджеттік өтінім осы жылдың наурыз айында сараптама қорытындысын алғаннан кейін жіберіледі», - дейді Берік Ғабдулин.

Маманның айтуынша, Тепличное және Прибрежное ауылдарында қорғаныс бөгетін салу жоспарланған.

Жоба әзірленіп, ақпан айында сараптамаға жіберіледі.

«Мамандардың айтуынша, облыс бойынша топырақтың қату тереңдігі –149 см, бұл өткен жылғыдан 27 см артық. Сергеевка су қоймасы 76,5% толық, бұл 2022 жылғыдан 10% аз. Ақпан және наурыз айының басында қар жауатынын ескере отырып, ауа температурасы күрт жылынған жағдайда облыс өзендеріндегі су деңгейі қауіпті белгіге дейін көтерілуі мүмкін», - дейді Берік Ғабдулин.

СҚО төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Сәкен Ағзамовтың айтуынша, су тасқынына қарсы қолға алынған іс-шаралардың арқасында 175-тен астам елді мекенде су басу қаупі барынша азайтылды.

Дегенмен өңірде су тасқынына бейім 85 елді мекен есепке алынған.

«Көктемгі су тасқыны болған жағдайда халықты тасымалдау және эвакуациялау үшін 10 жоғары өтімді вахтовка, жол талғамайтын 5 көлік, 7 жүзу құралы, 82 мотопомпа, 370 су өткізбейтін костюм және 400 адам сыятын 21 шатыр әзірленді. Барлық қажетті техникалық ресурс су тасқыны болуы мүмкін учаскелерге алдын жеткізіледі», - дейді Сәкен Ағзамов.


Соңғы жаңалықтар