Солтүстік Қазақстанда 200-ге жуық дәрігердің орны бос тұр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында медициналық кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін былтыр жергілікті бюджеттен 22 жас маманға көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға 9 несие берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-ға екі күнге келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният іс-сапарының қорытындысы ретінде өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді.

Өңірде медицина саласында шешімін күткен мәселе баршылық. Соның бірі – кадр жетіспеушілігі.

Қазіргі уақытта 7,5 мың медқызметкер бар болса, соның 1 694 дәрігер және 5 839 орта медицина қызметкері. Тағы 187 дәрігердің орны бос тұр.

«Саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін Министрлік жыл сайын өңірдің қажеттілігін ескере отырып, медицина кадрларын даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөледі. 2021 жылы облыс үшін резидентураның 17 медициналық мамандығы бойынша 89 білім гранты бөлінді. Министрліктің республикалық комиссиясы өңірге 56 түлекті, оның ішінде 20-ын ауылға жіберіп, жұмысқа орналастырды. Жергілікті жерлерде кадрларды ұстап қалу үшін жас мамандарды әлеуметтік қолдау қажет, 2021 жылы облыстық бюджеттен 22 жас маманға көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға 9 несие берілді», - деді Ажар Ғиният.

Өңірде анестезиолог-реаниматологтерге, жалпы тәжірибе дәрігерлеріне, акушер-гинекологтар мен кардиологтарға, инфекционистер мен терапевтерге сұраныс жоғары.

«Жергілікті бюджет есебінен 1 мыңнан астам медициналық маман, соның ішінде 226 дәрігер біліктілігін жоғарылатты. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де 505 адам дәрігер мамандығын меңгеріп жатыр. Сондай-ақ, түлектерді дербес бөлу жөніндегі республикалық комиссия СҚО-да 56 маманды оның ішінде 20-сын ауылдық жерлерге жұмысқа орналастырды», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Кеше Ажар Ғиният облыстың бірнеше ауданында болып, медициналық ұйымдарды аралады, қызметкерлермен және тұрғындармен кездесті.


Соңғы жаңалықтар