Солтүстік Қазақстанда 15 мыңнан астам тұрғын ЖРВИ жұқтырып алған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар қатары артып, ауырғандар саны 15 мыңнан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ЖРВИ-мен ауырғандар саны көбейген.

Әзірге ауру бақылау деңгейінен асқан жоқ.

Алайда, эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ-дің 15 462 жағдайы тіркелді, 100 мың адамға шаққандағы ауру көрсеткіші 2817 құрады.

«Өткен маусыммен салыстырғанда аурушаңдық 41 % өскен. ЖРВИ-ді жұқтырғандардың жартысынан көбі - балалар. 534 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 13 жүкті әйел және бір жасқа дейінгі 155 бала бар. Петропавл қаласында А типті тұмаудың екі жағдайы тіркелді. Айта кетейік, өткен жылы СҚО аумағында тұмау тіркелген жоқ. Тұмауға қарсы 90 558 адам немесе облыс халқының 16,5% егілді», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Салтанат Бекқожина.

Санитариялық дәрігерлердің айтуынша, тұмау және ЖРВИ-дің таралуына жол бермеу үшін маска тағу қажет.

Коронавируспен күрестегі санитариялық-эпидемиологиялық ережелер де қатаң сақталуы тиіс.

«Әлемде омикрон штамы өте жылдам таралып жатыр және Қазақстанға жаңа штамның келуі уақыт еншісінде. Ғалымдар жаңа штамның белгілері ЖРВИ мен тұмауға ұқсас екенін айтады. Яғни, оның бес негізгі белгісі бар: бас ауруы, мұрыннан ағуы, түшкіру, тамақтың ауруы және шаршау. Кейбір адамдарда жөтел болып, тәбеттері жоғалған. Мұның бәрі суық тиюге, тұмауға тән. Алайда омикрон штамының салдары қаншалықты ауыр болатынын әлі ешкім білмейді», - дейді Салтанат Бекқожина.


Соңғы жаңалықтар