Солтүстік Қазақстан омарташылары биыл мың тонна бал жинайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық омарташылар биыл мың тонна бал жинауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа Омарташылар қауымдастығының төрағасы Олег Гаврилов баяндады.

«Биыл облысқа жеткізілген балдорбалардың арқасында мың тонна бал жинай алатындай шамамыз бар. Өткен жылы 300 тонна бал жинадық», - деді омарташы.

Ауыл шаруашылығы басқармасында үстіміздегі жылы 30 мың гектарға жемшөптік дақылдар егілгені туралы айтылды. Ол жерлер омарта шаруашылығын жүргізуге жарай береді. Бар болғаны, бал шөптерді өсіретін аграрлық кешендермен келіссөз жасау қажет.

«Біз бұл істі бастаған кезде бал шөптерді егу керек екенін айтқанбыз. Аудан әкімдері ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер егетін шөптің көлемін біліп, қажет кезде омарташылармен жұмыс жасауы керек. Қытай мен БАӘ біздің балды сатып алуға дайын. Сондай-ақ, логистика және тағы да басқа мәселелер өз шешімін тапты. Келесі жылы көлемін ұлғайту керек болады», - деді Қ. Ақсақалов.

Омарташылардың тап болатын тағы бір қиындығы - барлық нормаларға сай бөлшектеп, өлшейтін цехтің болмауы. О. Гавриловтың айтуынша, қауымдастық балды омарташылардан сатып алып, өлшеп, түйіп, экспортқа шығара алады. Облыс әкімі бұл мәселенің шешімін табуда көмек қолын созатынын жеткізді.

Солтүстікқазақстандықтарды омарта шаруашылығына тарту - ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан қосымша шаралардың бірі. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, омарта шаруашылығымен айналысу үшін 767 ара ұясы сатып алынған, 230-дан астам адам осы іске жұмылдырылған. Өңірде омарташылар мектебі жұмыс жасайды. Бүгінде 25 адам оқудан өтті.

Облыс әкімі Қ. Ақсақалов осыған дейін омарта шаруашылығын дамыту мәселесін бірнеше мәрте көтеріп, ара өсірудің пайдасы жөнінде де сөз қозғаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар