Солтүстік Қазақстан облысының 225 ауылында интернет жоқ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы 625 елдімекеннің 543-і жыл соңына дейін интернетпен қамтылмақ. Осы мақсатта өңірде екі жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ішкі саясат басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда облыс елдімекендерінің 410-ы, яғни 64.56%-і түрлі технологиялар бойынша Интернетке қол жеткізді. Бұл ауылдарда 273 мыңға жуық адам тұрып жатыр.

Ал 37 мыңнан астам тұрғыны бар 225 ауылда әлі күнге интернет жоқ. Оның ішінде 53-і - халық саны 250-ден асатын үлкен елдімекендер.

Жоспар бойынша жыл соңына дейін 133 ауылда интернет қолжетімді болмақ. СҚО-да екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Қазақтелеком, Транстелекоммен бірлескен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы. Кеңжолақты интернет 75 елдімекенге жетті. Қазір Уәлиханов ауданының Мортық, Қондыбай және Көбенсай ауылдарында тиісті жұмыстар жүріп жатыр.

Мобильді кеңжолақты интернет Beeline, Kcell, Altel, Tele 2 арқылы 70 ауылға қолжетімді болмақ. Жоспарланған жобалар сәтті жүзеге асқан жағдайда қосымша тағы 32 елдімекенге интернет жетеді.

2021 жылы бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Жеті мыңнан артық тұрғыны бар 21 елдімекенге мобильді кең жолақты интернет қосу жоспарланған. Бұл ауылдардың әрқайсысында 250-ден артық тұрғыны бар.

Мамандардың айтуынша, алдағы бір-екі жылда облыстың 95% халқына кеңжолақты интернетпен қамтылады. 20 мыңға жуық тұрғыны бар 172 ауылда бұл мәселе өзекті қалмақ. Олар 2021 жылдың жоспарына енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар