Солтүстік Қазақстан облысында тұмауға қарсы вакцина егіліп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында тұмауға қарсы екпе жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тек Петропавл қаласына ғана 26 мың вакцина сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тұмауға қарсы вакцина бірінші кезекте ауруға қарсы тұрар қабілеті аз топтағы адамдарға егіледі. Бұл топқа - балалар, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар адамдар, сонымен қатар медицина қызметкерлері мен жұмысы халықпен тығыз байланысты адамдар жатады.  Дәрігерлердің айтуынша, тұмауға қарсы екпе ауруды мүлдем болдырмайды емес, ол тек аурудың тез өтуін қамтамасыз етіп, асқынудан сақтайды.

«Біз «ГРИППОЛ» вакцинасын алдық. Бұл дәрімен бұрыннан жұмыс істеп келеміз. Бұл екпенің салдары аз, жеңіл өтеді. Сәбилерге алты айынан бастап егеміз. Кезекке тұрғандар өте көп. Балалар бөлімшесіне 2 150 дана бөлінсе, ол бітуге таяп қалды», - дейді Петропавл қалалық балалар емханасының медбикесі Елена Тоқтағұлова.

Мамандардың айтуынша, облыста тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекциялар эпидемиясы әдетте желтоқсан айының соңында басталып, қаңтар айында шегіне жетеді. Былтыр облыста балалар мен ересектер арасында тұмау жұқтырғандар саны 317-ге жеткен. 

Автор: Ақерке Дәуренбекқызы

Соңғы жаңалықтар