Солтүстік Қазақстан облысында екі жаңа мектеп салынады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 1,5 мың адамға арналған екі мектеп салынады. Олардың бірі Петропавлда, екіншісі – Тайынша қаласында бой көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Соңғы үш жылда аймақта 1,8 мың оқушыға арналған үш мектеп салынды. Екі жылдың ішінде 248 білім мекемесі күрделі жөндеуден өткен, бұл облыстағы мектептердің 50 пайызға жуығы.

«Облысымызда жекеменшік бизнес ауыл мектебіне кірісті. Петерфельд орта мектебінің ғимараты жаңартылып, мектеп аумағы абаттандырылды, заманауи жабдықтар сатып алынды.Бескөл аудан орталығында балабақша-мектеп-колледж білім беру кешенін салу аяқталып қалды. Оған құйылған инвестиция сомасы 300 млн теңгені құрайды», - деп баяндады облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Компьютерлік техниканың 14 мыңнан астам бірлігі сатып алынған. Облыстағы барлық білім мекемелері бейнебақылау жүйесімен жабдықтандырылды. Барлық мектептерде жылы дәретханалар салынған. Оқушыларды қауіпсіз жеткізу мақсатында 34 бірлік көлік техникасы сатып алынды.

Петропавл қаласының төрт колледжінде «Жас маман» жобасы бойынша техникалық және кәсіби білім беруде оқу-материалдық база жаңартылды, 1,2 млрд теңгеге жоғарытехнологиялық жабдықтар сатып алынған. 2021 жылы бес колледжді 1,4 млрд теңгеге жабдықтау жоспарланған.

«2020 жылы білім саласын қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға өскен. Бұл – 87 млрд астам теңге, немесе облыс бюджетінің 33 пайызы. Бұл жағдай жаңа мектептер салып, олардың инфрақұрылымын жақсартуға, материалдық базаны нығайтуға мүмкіндік беріп отыр», - деп айтты К.Ақсақалов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 2021 жылы жалпы сомасы 2,4 млрд теңгені құрайтын 10 спорттық нысанды салу жоспарланғаны туралы хабарланған.


Соңғы жаңалықтар