Солтүстік Қазақстан облысында бруцеллез анықталған ауылға шектеу енгізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысындағы Талшық ауылында ірі қарадан бруцеллез анықталды. Тиісінше, елді мекен аумағына шектеу енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Талшық ауылдық округі Талшық ауылының аумағында ірі қара мал арасында бруцеллез ауруының пайда болуына байланысты шектеу іс-шаралары белгіленсін», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған елді мекен әкімінің шешім-жобасында.

Мәлім болғандай, шектеуді енгізуге 2 бас ірі қара малдан анықталған бруцеллез ауруы себеп болып отыр.

«1 маусымда Солтүстік Қазақстан облыстық ветеринария бөлімінде жүргізілген диагностикалық зерттеу қорытындысы бойынша Ақжар ауданы Талшық ауылдық округіндегі Талшық ауылында 2 бас сиырдан алынған блиологиялық материал сынамасы бруцеллезге оң нәтиже көрсетті. Осыны негізге ала отырып, ауыл аумағына шектеу белгілеу қажет», - деп түсіндірме берілген шешімге.

Құжат 21 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады.

Еске салайық, таяуда Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Камышлов ауылында ірі қарадан бруцеллез анықталып, аталған елді мекен аумағында шектеу жарияланған еді.

Ал, жалпы жыл басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында бруцеллез анықталған 60 шақты малдың көзі жойылды.


Соңғы жаңалықтар