Солтүстік Қазақстан облысында 1,4 трлн теңге сомасына 64 инвестициялық жоба іске асырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей әрі жанама мультипликативтік әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды мұқият іріктеу бойынша жұмыс жүргізді. Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, тұрғын үй және өзге де инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы дамытуды, сондай-ақ қоғамдық құқықтық тәртіпті және азаматтық қорғауды қамтамасыз етуді көздейтін 4 бағыттан және 87 іс-шарадан тұрады», - деді министр.

Оның айтуынша, жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 1,8 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 517,9 млрдтеңге, жергілікті бюджеттен – 43,9 млрд теңге, жеке инвестициялар – 1,3 трлн теңге.

«Жоспар аясында 1,4 трлн теңге сомасына 64 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олар АӨК, өнеркәсіп, көлік пен логистика, туризм және спорт, сондай-ақ өңірдің кәсіпкерлігінің белсенділігін дамытуға бағытталған. АӨК-те 52 сүт-тауар фермасы, құрама жем зауыты, 3 бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, жылыжай кешені салынады. Өнеркәсіпте Арнайы экономикалық аймақ аумағында CLAAS ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін оқшаулау, JOHN DEERE сервис орталығы, «Ақсоран» және «Баян» вольфрам-молибден кен орындарын игеру, сондай-ақ тау-кен металлургия комбинатының және жаңа өндірістік алаңдардың READY-BUILT FACTORY бойынша көзделеді», - деді Ә. Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар