Солтүстік Қазақстан облысы аңшылық туризмді дамытпақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы аңшылық туризмді дамытпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкілдерінің айтуынша, өңірдің туристік әлеуеті жоғары, соның ішінде ішінде аңшылық туризмді дамыту тетіктері жеткілікті.

«Аңшылық туризм - туризмнің ең танымал түрлерінің бірі. Көп шығынды қажет ететініне қарамастан, бүкіл әлемде туризмнің осы түрі қарқынды дамып келеді», - дейді басқарма өкілдері.

Бұл реттегі алғашқы қадамдар қойылған. Айыртау ауданындағы «Красный кордон» аң шаруашылығына Австриядан аңшы келді. Мұнда күлміз (Сібір елігінің аталығы) ауланады.

«Пайдаланушы рұқсаттама құжаттарының барлығын алдын ала ресімдеді: шетелдіктің қатысуымен аң аулау шарты жасалып, қару-жарақ әкелуге, жануарлар әлемін пайдалануға рұқсат алынды», - дейді басқарма өкілдері.

Салық заңнамасына сәйкес, жануарлар әлемін пайдалану үшін шетелдіктерге салынатын салық базалық мөлшерлемеден он есе артық.

Аң шаруашылығының иелері биыл Еуропадан келетін бес аңшы үшін тур ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Облыста туризмнің осы түрін дамытуға өңір басшысы Құмар Ақсақалов баса назар аударып отыр. Ол Айыртау ауданына жиі барып, туризм инфрақұрылымының дамуын бақылайды. Аудан аумағында көпке белгілі Шалқар және Имантау көлдері орналасқан. Мұнда тек Қазақстанның басқа өңірлерінен ғана емес, көрші Ресейден де туристер келеді. Облыс басшылығы алдағы уақытта Шалқар-Имантау курорттық аймағын құруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар