Солтүстік Қазақстан халқын пара беруге не итермелейді - зерттеу

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, аймақ жемқорлыққа төзбеушілік бойынша екінші жыл қатарынан көшбасшы болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство баспасөз қызметінің ақпаратына сенсек, «Қазақстандағы жемқорлықтың жағдайына мониторинг» әлеуметтік сауалнамасының нәтижесі осылай деуге толық негіз бола алады. Оны «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры жүргізеді. Сауалнамаға облыс, қала және аудан орталықтарынан 700-ге жуық респондент қатысып, жауап берген. Сондай-ақ, «Ашық диалог» порталына келіп түскен 568 өтініш зерделенген.

«Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Екатерина Старостинаның айтуынша, облыс жемқорлық фактілерінің жиілігі бойынша орташадан төмен нәтиже көрсеткен.

Сауалнама сұрақтарына жауап берген Петропавл қаласы мен Аққайың ауданы кәсіпкерлерінің жартысы жемқорлықтың аса кең таралмағанын айтқан. Алайда олар мемлекеттік қызметтерді алуда сыбайлас жемқорлық схемаларын пайдалану шаруаны жылдам шешуге көмектесетінін жоққа шығармайды. Жамбыл ауданынан қатысқан респонденттердің 80 пайызы да осындай пікірде. Ал енді қатысушылардың 7 пайызы жемқорлық күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналғанын мойындаған.

«Зерттеу нәтижесіне сенсек, респонденттердің 58 пайызы мемлекеттік қызметтерді алуда параны халықтың өзі ұсынатынын айтқан. Ал 23 пайызы арадағы делдалдар өздері ақша сұрап, мазаны алатынын көрсетті. Қалған 18 пайызы жемқорлыққа сол мекеменің қызметкерлері итермелейді дейді», - деп атап өтті Е. Старостина.

Сауалнамаға жауап бергендердің қай-қайсысы болса да, кейде меморган қызметкерлері мәселені шешпей, әдейілеп созбақтап жүріп алатынын растайды. Олардың ойынша, осы фактор жемқорлық жағдайларына алып келеді. Халық шаруасын жылдам және қиындатпай, уақтылы тындыру үшін «сыйлық» беруге мәжбүр болады.

Е.Старостина аталмыш сауалнама нәтижесі алдын ала шара қолдану үшін меморгандарға жолданатынын да айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар