Соғысқа әкесімен бірге аттанған жауынгер

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты қазіргі Бекарыстан би ауылында тұратын Қабақ Смағұлов әкесімен соғысқа бірге аттанған. Өзі елге аман-есен оралса, әкесінен 75 жылдан астам уақыт бойы ешқандай хабар болған жоқ. Былтыр әкесінің жерленген жері Беларусь жерінен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Смағұл Жетесов баласы Қабақпен бірге соғысқа аттанады. Екеуі Орынбор қаласына дейін бірге барған. Сол жақтан жолы екіге айырылады. Одан кейін бір-бірінен хабарсыз қалады.

Бұл туралы Қабақ Смағұлдың ұлы Төлеу былайша тарқатып айтып берді.

«Атамыз бен әкеміз соғыс даласына 1943 жылы бірге аттанған. Орынбор қаласында жолы екіге айырылған. Атам Смағұл бірден қан майдандағы кескілескен ұрыстарға қатысқан көрінеді. Жары Төлебике Төлегенова мен туған-туыстарына хат жазып тұрған. Соңғы жазған хатында жарақат алып, госпитальда жатқаны жайлы айтқан. Одан кейінгі өмірі бізге беймәлім. Тек белгілісі, сұрапыл соғыстардың бірінде Белоруссияның Витебск облысында қаза тапқаны»,– дейді Төлеу Қабақұлы.

Содан бері міне, бақандай 75 жылдан астам жыл өткен. Алайда, Қабақ атамыз өз әкесінің қайда жатқанын білмей келген. Балаларымен әңгіме арасында «көкемнің жатқан жерін тауып, басына барып қайтсам» деген арманын да бүкпесіз жеткізетін. Майдангердің бұл арманын немересі жүзеге асырды. Бүгінде Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетінде оқитын Мұхтар Беларусь елінде іс-тәжірибеден өткенде бабасын іздеп тауып, оған құрмет көрсетті. Жерленген жерінен туған жерге бір уыс топырақ алып келді.

Смағұл Жетесов Беларусь еліндегі Витебск облысында қаза тапқан. Нақтырақ айтсақ, облыстың Дубровна деген елді мекенінде бауырластар зиратында жерленген.

«Ұлым бауырластар зиратынан бір уыс топырақ алып келді. Оны атам Смағұлдың ауылдағы ескерткіш белгісінің басына ағайын-туыстарды шақырып, құран оқытып апарып қойдық. Осыдан кейін ғана әкем Қабақтың көңілі жай тапқандай болды», - дейді Төлеу Смағұлов.

Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлов өсіп-өнген әулеттің бәйтерегіне айналған. Майдангер зайыбы Күлшан Смағұловамен бірге 5 ұл, 5 қыздан көптеген немере-шөберемен қатар шөпшектің де қызығын көруде.


Қабақ Смағұлов 1923 жылы дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысына 1942 жылдың маусым айында алынып, Орынбор қаласы маңында әскери жаттығудан өтеді. Содан кейін Мәскеу бағытындағы майдан даласында жауға қарсы шығады. 1942 жылдың желтоқсанында қолбасшы Рокоссовский басқарған ІІІ екпінді армия сапында Тула қаласын азат етуге қатысқан. 1943 жылдың ақпанында Орел қаласын жау құрсауынан босату жолында ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальға түседі. 1943 жылдың қарашасында медициналық комиссияның ұйғарымымен соғысқа жарамсыздығына байланысты елге оралды. Еңбектің сан саласында қызмет атқарып, бүгінде ағайын арасында үлкен абыройға кенеліп отыр.


Қазір Қазалы ауданында Қабақ ақсақалдан басқа көзі тірі тағы екі қарт жауынгер бар. Солардың бірі - Лепес Әуесбайұлы 1921 жылы «Ұялы» елді мекенінде дүниеге келеді. Әуесбайдың жалғызы Лепес соғысқа аттанғанша теңізде су маржанын сүзіп, әке жолын қуды. Соғыс басталған алғашқы жылдың жазында майданға алынған бозбала I Украина майданына тап келді. Ол №169 айрықша саперлер батальонында болды. Күндіз-түні ұрыс алаңын минадан тазартып, екі рет «тіл» алып келуге жау тылына аттанды. Ұрыс даласындағы қайтпас қайсарлығы мен ерен ерлігінің нәтижесінде Лепес Әуесбайұлы бірнеше медаль мен «Қызыл жұлдыз» орденін алды. Соғыс даласынан елге оралғаннан кейін ол кісі колхоздың мал фермасын басқарды, шаруашылықта өзге де түрлі қызметтер атқарып, 1981 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты.


Ал Пірназар Мырзатайұлы 1942 жылы соғыс өрті өршіп тұрған шақта Қызыл армия қатарына алынды. Сталинградтан кейін де кескілескен ұрыстарға түсіп, Харьков, Минск, Кишинев пен Польшаның Варшава, Венгрияның Будапешт, Австрияның Вена қалаларын неміс басқыншыларынан азат етуге бастан-аяқ қатысты. Соғыстан кейін Германияда әскери комендатурада және Чехословакияның шекарасы Гмонда қаласында әскери қызметте болып, елге 1946 жылы шілде айында оралды. Соғыстағы ерлігі үшін көптеген орден-медальдерге ие болды.


Соңғы жаңалықтар