+7 (701) 759 90 19
USD 412.10 EUR 454.34
RUB 5.82 CNY 57.62
Jańalyqtar

Соғыс жылдары Ақтөбеге рентген зауыты, баспахана мен балалар үйі көшірілген

2020 жылғы 9 мамыр 10:05
Бөлісіңіз:
Соғыс жылдары Ақтөбеге рентген зауыты, баспахана мен балалар үйі көшірілген

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 1941-1945 жылдар аралығында Ақтөбе облысына кәсіпорындар ғана емес, әскери оқу орындары, емханалар, өнер ошақтары мен балалар үйі де көшірілді. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті Дәулет Әбенов ҚазАқпарат тілшісіне Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында өңірде өз жұмысын бастаған өндіріс орындары туралы айтып берді.

Ақтөбе өңірінен мыңдаған адам майданға аттанса, дәл сол майдан аймағынан мыңдаған адам келіп, пана тапты. Бірі өндіріс жұмысына үлес қосса, тағы бір тобы денсаулық, білім, мәдениет саласын қатар алып жүріп, совхоз-колхоздарда еңбек етті. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті Дәулет Әбенов 1941 жылв басталған зауыттарды көшіру, қоныс аудару жұмыстарының қалай ұйымдастырылғанына тоқталды.

«Соғыстың алғашқы жылдарынан бастап елдің экономикасы майдан талабына сай жұмыс істей бастады. Мемлекет тұтастай соғыс лагеріне айналды. 1941 жылы 16 тамызда КСРО ХКК мен БК(б) П-ы Волга өңірі, Жайық, Батыс Сібір, Орта Азия мен Қазақстанға арналған 1941 жыл және 1942 жылдың төртінші тоқсанына арналған «Әскери-шаруашылық жоспарын» бекітті. Жоспарда мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту және стратегиялық маңызы бар шикізатты өндіруді ұлғайту көзделді. Көшірілген кәсіпорындарды тез орналастыру көзделді. Шығысқа қарай заводтардың мүлікі мен қызметкерлері вагон-вагонымен көшірілді. 1941 жылдың күзі мен 1942 жылдың басында Қазақстанның 7 облысына, соның ішінде Ақтөбе қаласына тамыз-желтоқсан айларында Витебск, Харьков, Подольск, Днепропетровск және Мәскеуден өндіріс орындары көшіріле бастады.

1941 жылдың 19 қазанында КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Мәскеудің рентген зауытын Ақтөбеге көшіру туралы шешім қабылдады. «Мосрентген» 1930 жылы құрылған еді. 1941 жылы зауыттың жаңа тарихы басталды. Тек №692 Мемлекеттік одақ зауыты деп аталып, қорғаныс саласына бағытталды. Зауыт сол кездегі партиялық курс және мұғалімдер институты ғимаратына орналасты. Қазір бұл нысан сауда үйіне айналған. Тек 1954 жылы ғана «Ақтөберентген» зауыты болып аталды», - деді тарихшы Дәулет Әбенов.

1942 жылы зауыт қорғаныс саласына бейімделді. Қызыл әскердің сапер және партизан отрядына қажетті ПМ-1, ПМ-2 машинасы шығарылды. Рентген аппараты да майдан даласына жіберілді. Зауытта шығарылған екі аппарат «Құпия», «Аса құпия» болып саналды. Сол жылдары рентген аппаратының үш түрі болды. Олар: көшпелі, жылжымалы және диагностикалық. Үшеуі де Қызыл әскеридің Бас санитар басқармасына тапсырылды. Кәсіпорында Мәскеуден келгендер мен ақтөбелік жұмысшылар еңбек етті.

«1941 жылы Днепропетровсктегі «Большевик» шойын-мыс құю механикалық өнеркәсіп артелі Чкалов (қазіргі Орынбор) қаласына тасымалданды. Зауытты Киров атындағы зауыт базасына орналастыруға шешім қабылданған екен. Бірақ Киров зауытының өз жүктемесі артып, «Большевик» артелі Ақтөбе қаласына жіберілді. Сол жылы 31 бірлік құрал-жабдық, 48 жұмысшы мен олардың отбасы келді. «Автотракторсбыт» қоймасына орналастырылды. 1942 жылы «Большевик» артелі №6 зауыт деп аталып, әуе өнеркәсібі үшін арматура шығарды. 1967 жылдан бастап зауыт «Ақтөбесельмаш» деп аталды», - дейді Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті Дәулет Әбенов.

Сонымен бірге 1941 жылы Ақтөбенің Жайсаң стансасына Мәскеуден № 2-автобронтанкісін жөндеу базасы үш эшелонмен жеткізілген. Әскери қызметкерлер, инженер-техниктер мен жұмысшылар, барлығы 800-ден астам адам көшіп келді.

«Мәскеуден жүн өңдеу кәсіпорны да әкелінді. Оны теміржол техникумының ғимаратына орналастырды. Жұмысшыларға да 350 жатын орын дайыналды. Жалпы соғыс жылдары Ақтөбе облысына Витебск спирт зауыты, Черниговск типографиясы, Мәскеу рентген зауыты, «Большевик» артелі, Харьков жылу-электр жобасы, Мәскеуден жүн иіру кәсіпорны Ақтөбе қаласына жеткізілсе, Жұрын стансасына экскаватор шеберханасы, Бершүгір стансасына қиыршық тас зауыты, Жайсаңғы танк жөндеу базасы орналастырылды. Сонымен бірге 1941-1942 жылдар аралығында бірнеше әскери училище көшірілді. В.П. Чкалов атындағы ұшқыштардың әскери - әуе мектебі, Бердичев жаяу әскер училищесі, 1942 жылы Бершүгір ауылына Камышинск танк училищесі жеткізілді. Мәскеудегі қолөнер училищесінде білім алып жүрген адамдар Ақтөбедегі өнеркәсіп жұмысына жұмылдырылды», - дейді тарихшы.

Соғыс жылдары өңірге бірнеше госпиталь эвакуацияланды. Барлығы 1700 төсек-орындық госпитальдер Алға, Шалқар аудандары мен Ақтөбе қаласына орналасты. Қонақүй, перзентхана, интернат пен мектептер госпиталь қызметін атқарды. Ал 1941 жылы Харьковтан балалар туберкулез санаторийі көшірілді. Санаторий үшін құрылыс техникумының жатақханасы мен №6 қазақ орта мектебінің ғимараты берілді.

«1941 жылы Ақтөбенің Қобда ауданына Қалмық мемлекеттік драма театры көшіріліп әкелінді. Элиста қаласынан эвакуацияланған театр ұжымының алаңсыз жұмыс істеуі үшін аудандық клуб берілді. Сонымен бірге соғыс жылдары Ақтөбе қаласында Т.Г. Шевченко атындағы Днепропетровск драма театры жұмыс істеп тұрды. Барлығы 14 спектакль сахналады. Өнеркәсіп, білім ордалары мен мәдениет ошақтарынан өзге де адамдар эвакуацияланды. Алдымен олардың жатын орнын дайындау, ауылдарда жер аударылғандарға арналған үйді босату, оларды күтіп алу, теміржолдан ауылға дейін жеткізу ұйымдастырылды. Оларды жұмысқа қабылдағанда бір реттік жәмдемақы беру міндеттелді. 1941 жылдың тамыз айында облысқа 3 мыңнан астам адам эвакуацияланғаны туралы мәлімет бар. Колхоздарға 1800-ден астамы жіберілсе, өндірістік өнеркәсіп жұмысына 500 адам тартылды. Эвакуацияланғандар арасында есепші, тігінші, сатушы, инженер мен техник мамандығын иеленгендер мен үй шаруасындағы адамдар болды. Ал 1942 жылы 28 мыңнан астам адам келді. Оның үштен бірі - еңбекке қабілетті, 9 мыңнан астамы - бала, өзгесі - жұмыс істей алмайтын ересектер. Көбі Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Днепропетровск, Курск және Черниговадан болған екен», - дейді Дәулет Әбенов.

Тарихшының айтуынша, «арнайы жер аударылғандар» саны 24 мыңға жеткен. Оның арасында поляк, молдавандар басым. Астрахан мен Қырым тұрғындары да көп. Сол жылдары өңірге 10 мыңға жуық немістер эвакуацияланды.

«Испаниядан саяси эмигранттар келген. Барлығы - 52 адам. Олар механикалық зауытта, денсаулық сақтау саласы мен совхозда жұмыс істеген. Тағы бір жайт бар. 1942 жылдың 16 маусымында Ақтөбе облысының Темір ауданына Сталинградтан 110 бала әкелінді. Франк және Кольбск сәбилер үйінің тәрбиеленушілері ауданда тұрғындар мен басшылардың қамқорлығында болды», - дейді ғалым.





Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Алтынай Сағындықова

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT