Соғыс оқиғасын шынайы беру үшін эмоцияға берілмеу керек – әскери журналист

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Еліміздегі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, әскери журналист Назгүл Кенжетай Сыр өңіріне келіп жастармен жүздесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани» бағдарламасы аясында қолға алынған. Жоба жеңімпазымен жүздесу шарасын Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.


Назгүл Кенжетай Сирия мәселесін тереңірек зерттеп, түрлі бағытта фоторепортаждар түсіріп келеді. Таяу Шығыстағы босқындар мәселесін көтерген ол кездесу барысында діни тақырыптағы мәселелерде журналистердің ұстанымдары туралы ой бөлісті.

«Соғыс алаңында болып жатқан оқиғаны көзбен көріп, зерттеу жүргізу маған оңайға соқпады. Бастысы, эмоцияға ерік беріп қоймауың керек. Себебі, Сириядағы балалардың, әйелдердің өмірін нақ әрі объективті түрде беру керек. Сол себепті де менің материалдарымды шетелдік басылымдар шығарды. Бұл тақырыпқа тереңірек бару үшін біліммен қатар психологиялық дайындық қажет»,-деді Назгүл Кенжетай.


Басқосуда аймақтағы тілшілер Назгүл Кенжетайға түрлі бағытта сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты. Кездесу соңында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов естелік кітапты сыйға тарту етіп, құрмет көрсетті.

Бұдан бұрын әскери журналист Назгүл Кенжетаймен ҚазАқпарат тілшісінің сұхбаты жарияланды.



Соңғы жаңалықтар