Соғыс кезінде жоғалған адамдарды іздеу: Қазақстанда 2 жылда 5 мыңнан астам өтініш түскен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ІІ Дүниежүзілік соғысқа аттанған 271 мың отандасымыз із-түзсіз жоғалып кетіпті. Бүгінде оларды іздестіру жұмысы қолға алынды. Майданнан оралмаған отандастырызды іздестіру жұмысы туралы «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін бізде ерекше іс-шара өтіп жатыр. Дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу жұмыстарын ұйымдастыруда Ресеймен бірлесу үшін алғаш рет жиналып отырмыз. Біздің бірлестік ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде елімізден майданға аттанып қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтарды жүйелі негізде іздеумен айналысады. Құрылғанымызға 2 жыл ғана болды, үкіметтік емес ұйымбыз. Мақсат- отан қорғау жолында мерт болған немесе жоғалған жерлестерімізді іздеп, табу және оларға тағзым етіп, құрмет көрсету», - деді Мұрат Молдағалиев.

Оның айтуынша, күніне 30-ға жуық жоғалған адамға қатысты деректер анықталып, олардың жақындарымен байланыс орнатылады.

«Біздің қызметкерлер ерікті әрі тегін түрде жұмыс істейді. Бірлестік құрылғалы 2 жылдың ішінде бізге жақынын іздеген 5 мыңнан астам адамнан өтініш келіп түсті. Соның негізінде 1 мыңнан астам із-түссіз кенкен жандардың аты-жөнін анықтап, олардың кейінгі ұрпақтарын тауып, сүйіншімізді жеткізген жайымыз бар», - дейді ол.

Аталған қоғамдық бірлестік ұсынған статистикаға сүйенсек, елімізден майданға 1,5 миллионға жуық адам шақырылып, оның 600 мыңнан астамы соғыста қаза тапқан. Одан бөлек, 271 мың отандасымыз хабар-ошарсыз кетіп отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміз Ресеймен бірлесіп соғыс кезінде іс-түссіз жоғалып кеткен майданға аттанған адамдарды іздеп, табу жұмысын қолға алып жатыр.



Соңғы жаңалықтар